«Талдықорған акционерлік көлік-электр желілері компаниясы» АҚ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) қаржылық қолдауымен Жетісу облысының электр желілерін қайта жаңарту және жаңғырту жұмыстарын жедел жүргізіп жатыр.
Қазір нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Ескелді, Көксу, Қаратал және Сарқан аудандарында электр беру желілерінің түрлі үлгідегі 4492 жаңа тірегі орнатылды.
Сонымен қатар бірқатар маңызды учаскеде, соның ішінде Ақсу және Кербұлақ аудандарында инфрақұрылым салудың келесі кезеңдеріне дайындық жүріп жатыр.
Бұған дейін «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асырылып жатқан осы бастаманы қаржыландыру үшін ҚДБ мен «Талдықорған акционерлік көлік-электр желілері компаниясы» АҚ 9,16 млрд теңге көлемінде несиелік желі ашу туралы келісімге қол қойған болатын.
Жоба аясында әртүрлі кернеудегі 474 шақырымнан астам электр беру желісін жаңарту, кабель желілерін жаңғырту, сондай-ақ екі негізгі қосалқы станцияны толық қайта жаңарту көзделген.
– Компания үшін бұл жоба, ең алдымен, өңір тұрғындары алдындағы жауапкершілік. Қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктеме өте жоғары. ҚДБ-мен әріптестік ең өзекті учаскелерді ауыстыру жұмыстарына жедел кірісуге мүмкіндік берді, – деді «Талдықорған акционерлік көлік-электр желілері компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Асылбек Нұрсалханов.
Жобаны іске асыру халықтың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік нысандарды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге және өңірдегі электр желілерінің тозу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысандарды толық пайдалануға беру 2027 жылдың қаңтарына жоспарланған.
Қазақстанның Даму Банкі үшін бұл – «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолдау көрсетілген табиғи монополия субъектілерінің алғашқы жобасы емес. Мұндай жобалар жалпы саны 1,5 млн адамнан асатын өңірлерді электр желілерімен қамтуға бағытталған. Ұлттық жоба іске асырыла бастағаннан бері ҚДБ-ға алты өңірдің табиғи монополия субъектілерінен электр желілерін жаңғырту бойынша жалпы сомасы 145 млрд теңгені құрайтын 64 жоба қарауға келіп түсті.