Жоба Қазақстан Республикасының Үкіметімен жасалған инвестициялық келісім аясында жүзеге асырылады.
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) тарапынан көрсетілетін қаржыландыру жобаның бірінші кезеңінің құрылысын бастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл халықаралық деңгейдегі hyperscale санатындағы деректерді өңдеу орталықтары мен жаңа буындағы AI-инфрақұрылымға арналған индустриялық хаб құруға негіз қалайды. Алдағы уақытта жоба бұлтты технологиялар, жасанды интеллект және жоғары өнімді цифрлық сервистерді дамытуға арналған алаңға айналады.
«Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» бизнестің есептеу қуатына деген өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге және экономиканың цифрлық трансформациясын жеделдетуге бағытталған. Жоба экспортқа бағдарланған IT-қызметтердің дамуына серпін беріп, Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі жетекші цифрлық әрі технологиялық орталықтардың бірі ретіндегі орнын нығайтады.
«ДӨО алқабының» құрылысы Қазақстан Республикасының Президенті бастамашы болған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы реформаларды іске асырудың нақты қадамы болмақ.
Жобаның бастапқы қуаты шамамен 50 МВт құрайды. Кейін сұраныстың өсуіне және халықаралық нарық қатысушылары тарапынан нақты қажеттіліктің расталуына қарай қуат кезең-кезеңімен кеңейтіледі. Бірінші кезеңді іске қосу 2027 жылға жоспарланған.
Жобаның бірінші кезеңі шикізаттық емес экспортты дамытуға, халықаралық технологиялық серіктестерді тартуға және жаңа жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға тікелей ықпал етеді деп күтіледі.