«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) беделді халықаралық FinanceAsia басылымының жоғары бағасына ие болды. ҚДБ «оффшорлық қытай юані нарығындағы үздік облигациялық мәміле» санатында (Best Bond Deal – China Offshore) атап өтілді. Бұл – 2025 жылы Орталық Азиядағы эмитенттер (бағалы қағаз шығарушылар) арасында қытай юанімен алғашқы еурооблигацияларды табысты орналастырудың нәтижесі. Шығарылымның жалпы көлемі 2 млрд қытай юанін, айналым мерзімі 3 жылды құрады.
Аталған шығарылым ТМД елдері арасындағы юаньмен ең ірі орналастыру ретінде, сондай-ақ Қытайдан тыс BBB рейтингі бар эмитенттер арасындағы ең ауқымды мәміле ретінде танылды. Облигациялардың кірістілігі соңғы 15 жылда Қытайдан тыс BBB рейтингі бар шығарылымдар ішіндегі ең төмен көрсеткішке түсті. Бұл халықаралық инвесторлар тарапынан сұраныстың жоғары екенін және ҚДБ-ның несиелік бейініне сенім нығайғанын айғақтайды.
Бұл табыс әлемдік инвесторлармен қалыптасқан ұзақмерзімді байланысты, қарыз нарығын терең түсінуді әрі жаңа валюталар мен жаңа құқықтық алаңдарда күрделі, тың мәмілелерді жүзеге асырудағы ҚДБ әлеуетін көрсетеді. ҚДБ халықаралық капитал нарықтарында ең белсенді әрі танымал қазақстандық эмитенттердің бірі ретінде инвестициялық рейтингі бар сенімді қарыз алушы беделін дәйекті түрде дәлелдеп келеді.
– FinanceAsia тарапынан берілген мойындау – халықаралық инвесторлардың ҚДБ-ға және тұтастай Қазақстан экономикасына деген сенімінің айғағы. Оффшорлық юань нарығына шығу бізге инвесторлар географиясын кеңейтіп қана қоймай, өңір эмитенттері үшін жаңа межені айқындауға мүмкіндік берді. Біз қаржыландыру көздерін әртараптандыру және стратегиялық инфрақұрылымдық әрі индустриялық жобаларды іске асыруға ұзақмерзімді ресурстар тарту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырамыз, – деді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Айта кетейік, FinanceAsia – Азия–Тынық мұхиты өңіріндегі капитал нарықтары, инвестициялар және корпоративтік қаржы тақырыптарына маманданған беделді халықаралық басылым. Achievement Awards сыйлығы жыл сайын өңірдің қаржы нарығындағы ең маңызды әрі жаңашыл мәмілелерді, сондай-ақ жетекші қатысушылардың жетістіктерін атап өтеді.