«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) Басқарма төрағасы Марат Елібаев Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі деканының міндетін атқарушы, доктор Риккардо Пелиццомен кездесті және студенттерге дәріс оқыды.
Университет пен Қазақстанның Даму Банкі арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері кездесудің негізгі тақырыбы болды.
Атап айтқанда, ҚДБ-да NU түлектерінің көпшілігі табысты еңбек етіп жүргені атап өтілді. Сонымен бірге студенттердің ҚДБ-да тәжірибеден және тағылымдамадан өту мәселесі көтерілді. Марат Елібаев өз сөзінде, Банкте жұмысқа қабылдау кезінде бес жылдық тәжірибе талабының жойылуына байланысты жас мамандар мен түлектердің институтта бірден мансап бастауына мүмкіндік пайда болғанын атап өтті.
Сондай-ақ тараптар зерттеу және талдау саласында ынтымақтастық орнату жөнінде уағдаласты. ҚДБ университетке деректер мен сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді, бұл зерттеулердің практикалық және қолданбалы сипат алуына ықпал етеді.
Кездесуден кейін ҚДБ Басқарма төрағасы студенттер алдында «Қазақстанның Даму Банкі: Экономикалық даму саясатының негізгі құралы» тақырыбында дәріс оқыды. Ол мемлекеттік экономикалық саясатты іске асырудың практикалық аспектілерін және даму институттарының маңызын түсіндірді.
Өз сөзінде Марат Елібаев ҚДБ-ны экономиканы әртараптандырудың және шикізаттық емес секторларда ірі инфрақұрылымдық әрі өнеркәсіптік жобаларды қаржыландырудың маңызды құралы ретінде атап өтті.
Дәрістің негізгі ойы – экономиканы трансформациялау үдерісінде мемлекеттік даму институттарының шешуші рөлі. Мұнда қаржылық міндеттер стратегиялық ұлттық мақсаттарға қол жеткізумен тығыз байланысты екендігі баса айтылды.
Сондай-ақ ҚДБ-ның орнықты дамуды қолдау бағытындағы жұмыстарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, «жасыл» экономика жобаларын қаржыландыру және қазақстандық экспорттаушылар үшін халықаралық инвестицияларды тарту бағыттары атап өтілді.
Дәріс белсенді диалог форматында өтті. Болашақ аналитиктер теориялық білімдерін Қазақстан экономикасын дамытудағы нақты міндеттерге қолдануға мүмкіндік алды. Практикалық кейстерді шешу барысында студенттер энергия қауіпсіздігі мен декарбонизация мақсаттарының арасындағы теңгерімді табуға, инновациялық жобаларды қаржыландыру кезіндегі тәуекел деңгейін айқындауға, сондай-ақ тиімділікті жоғалтпай жергілікті өндірісті ынталандыру идеяларын ұсынды.
ҚДБ Басқарма төрағасының негізгі түйіні мынадай болды: «Қоғамдық саясат ҚДБ сияқты институттардың қызметі арқылы жүзеге асады, мұнда талдау, шешімдер әзірлеу және уақытылы іске асыру нақты нәтижелер береді».