«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) Басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Әбішева Сингапурда China International Capital Corporation (CICC) ұйымдастырған жыл сайынғы China–Southeast Asia Economic and Finance Forum жұмысына қатысты. Биылғы форум жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында халықаралық капитал ағындары мен жеткізу тізбектерінің трансформациясы мәселелеріне арналды.
Іс-шарада капитал нарықтарын дамыту басымдықтары, қаржыландыру тарту стратегиялары, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің инвестициялық мүмкіндіктері, жасанды интеллектіні дамыту және тұрақты экономикалық өсім мәселелері талқыланды. Форум мемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы ұйымдарының, инвестициялық қоғамдастықтың және бизнес өкілдерінің басын қосты.
Юаньмен қаржыландыру тарту стратегияларына арналған панельдік сессияда Ботагөз Әбішева ҚДБ-ның Қытай капитал нарығына шығу тәжірибесін таныстырды. Талқылау барысында Dim Sum облигацияларын дебюттік орналастыру Банктің қорландыру көздерін әртараптандырудағы және азиялық инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейтудегі маңызды қадам болғаны атап өтілді.
Сондай-ақ ҚДБ ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды іске асыру үшін юаньмен қаржыландыру тартуды қорландыруды дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі ретінде қарастыратыны айтылды. Бұдан бөлек, спикер «Бәйтерек» холдингінің Ұлттық инвестициялық холдингке трансформациялануы туралы баяндады.
Жұмыс сапары аясында халықаралық инвесторлармен бірқатар кездесу өтті. Онда одан әрі ынтымақтастық орнату, азиялық қаржы институттарымен өзара іс-қимылды дамыту және Банктің жобаларын қаржыландыруға ұзақ мерзімді капитал тарту мүмкіндіктері талқыланды.