«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) мен Standard Chartered Bank (Hong Kong) Limited өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли бастаған Гонконг пен құрлықтық Қытай бизнес-делегациясының Қазақстанға сапары аясында рәсімделді.
Келісім Қазақстан мен Гонконг арасындағы қаржылық ынтымақтастықты дамытуға, экономиканың негізгі салаларын қолдауға және трансшекаралық инвестиция тартуға бағытталған. Меморандум жобалық қаржыландыруды, несие құралдарын, валюталық тәуекелдерді хеджирлеу тетіктерін және капитал нарықтарындағы әріптестікті дамытуға жол ашады.
ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев Қытайдағы серіктестермен бірлесіп автомобиль жасау, мұнай-газ саласы және жаңартылатын энергия бағытында жүзеге асырылған жобалардың табысты тәжірибесін атап өтті. Ол өңір елдері арасындағы экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға зор мүмкіндік бар екенін жеткізді.