2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында ЖІӨ өсімі 3,6%-ды құрады. Бұл өсімнің негізгі драйверлерінің бірі өңдеу өнеркәсібі болды. Аталған салада өсім 9,9%-ға жетті. Бұл көрсеткіш «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) шикізаттық емес секторды қолдау жөніндегі стратегиясымен тікелей үндеседі.
2025-2026 жылдары Қазақстанның Даму Банкінің қолдауымен металлургия, энергетика және агроөнеркәсіп кешені салаларында ондаған ірі жоба белсенді іске асыру кезеңіне өтті. Олардың қатарында ферроқорытпа өндіретін жаңа зауыттар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар бар. Банктің қаржыландыруы жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға бағытталған. Бұл отандық компанияларға ішкі нарықтың сұранысын өтеумен қатар, экспорттық нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Зауыттар мен инфрақұрылым нысандарын салу және қаржыландыру кезеңінде ЖІӨ-ге негізгі капиталға салынған инвестициялар, құрылыс көлемі, сондай-ақ ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың құрылысына тартылған отандық құрылыс материалдары өндірісінің үлесі әсер етеді.
Машина жасау саласында өндіріс көлемі 23,3%-ға артты. Бұл өсімге Қазақстанның Даму Банкі қаржыландырған бірқатар кәсіпорындардың жобалық қуатына шығуы елеулі ықпал етті. Соның бірі — Алматы қаласындағы жылына 120 мың автомобиль шығаруға қауқарлы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауыты. Жоба импортты алмастыруға ғана емес, автомобиль жасау саласындағы экспорттық әлеуетті дамытуға да бағытталған.
Химия өнеркәсібінде де өсім тіркелді — 18,4%. Құрылыс материалдары өндірісі 27,7%-ға ұлғайды. Банк азот және фосфор тыңайтқыштарын, натрий цианидін және каустикалық сода өндірісін қолдап келеді. Атап айтқанда, фосфор тыңайтқыштарын өндіретін «Қазфосфат» ЖШС-ге экспорттық қаржыландыру ұсынылуда. Бұған дейін Talas Investment Company компаниясының натрий цианидін өндіретін алғашқы зауытының құрылысы қаржыландырылды. Қазір Қазақстанның Даму Банкінің қолдауымен аталған зауыттың екінші кезегі салынып жатыр. Сонымен қатар Павлодар қаласындағы каустикалық сода өндіретін «Каустик» АҚ зауытының және Қазақстандағы азот тыңайтқыштарын өндіретін жалғыз кәсіпорын — «ҚазАзот» ЖШС зауытының құрылысы да Банктің қолдауымен жүзеге асырылды.
Банк Қазақстанның химия өнеркәсібінде жаңа өндірістерді іске қосуға бағытталған ірі жобаларды қаржыландыру жұмысын жалғастырып келеді. Атап айтқанда, ҚДБ портфелінде кальцийлендірілген сода, натрий цианиді, алкилат және күкірт қышқылын өндіретін бірқатар зауыт іске асыру сатысында тұр. Бұл жобалардың іске қосылуы химия өнеркәсібінің ЖІӨ-ге қосатын үлесін арттыра түседі.
2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында көлік және қоймалау секторларында 12% өсім тіркелді. Бұл көрсеткіш те Қазақстанның Даму Банкінің елдің логистикалық әлеуетін дамыту бағытындағы қызметімен үндеседі. Көлік дәліздерін жаңғырту және Өнеркәсіпті дамыту қорының құралдары арқылы техника паркін жаңарту сауда көлемінің өсуін тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.