• kz

ҚДБ ТМД елдеріне полимер-модификацияланған битум экспортын қолдайды

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) Қазақстанның мұнай-химия саласындағы жетекші кәсіпорындарының бірі әрі жол құрылысына арналған жоғары технологиялы битум материалдарын өндіретін отандық компания – «Qazaq Bitum Processing» ЖШС-ға экспорт алдындағы қаржыландыру ашылды.

Бүгінде битум елімізде автомобиль жолдары инфрақұрылымының қарқынды дамуына байланысты жоғары сұранысқа ие. Бұл өнім гидрооқшаулау, шатыр материалдары өндірісі және өнеркәсіптік құрылыс салаларында да кеңінен қолданылады.

2025 жылы Қазақстанда битум өндірісінің көлемі 1 млн тоннадан асты. Өнім Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан нарықтарына экспортталып отыр.

Qazaq Bitum брендімен танылған «Qazaq Bitum Processing» ЖШС – Қазақстандағы ірі битум өндірушілердің үштігіне кіретін кәсіпорын. Компанияның нарықтағы үлесі – 26%. Оның құрамында екі заманауи өндірістік кешен бар: Шымкенттегі «Шағын зауыт» және Түркістан облысындағы «Үлкен зауыт». Жаңғыртудан кейін кәсіпорындардың жалпы өндірістік қуаты жылына 600 мың тонна битумға жетті.

Компания жол битумының 6 маркасын және инновациялық полимер-битум тұтқыр материалдарының 4 маркасын шығарады. Экспорттағы негізгі бағыт – полимермен модификацияланған битум. Бұл – жол жабынының температура ауытқуына, деформацияға және жоғары жүктемеге төзімділігін арттыратын заманауи жоғары технологиялы материал. Мұндай өнім жол сапасын жақсартып, оның қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе климаты күрделі әрі көлік жүктемесі жоғары елдер үшін өзекті.

Банк жобаға «Номад Иншуранс» сақтандыру компаниясы» АҚ сақтандыруын тарта отырып, 5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті. Қаражат заманауи полимермен модификацияланған битумды экспортқа жеткізу операцияларын қаржыландыруға бағытталды. Бұл қазақстандық өнімнің Орталық Азия мен Еуропа нарықтарындағы орнын нығайтуға ықпал етеді.

Полимермен модификацияланған битум материалдарын өндіру мен экспорттау – көлік инфрақұрылымын дамыту үшін аса маңызды жоғары технологиялы сектор. Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға экспорт көлемін арттыру елдің валюталық түсімін ұлғайтып қана қоймай, қазақстандық сапа стандарттарының халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Қазақстан экономикасы үшін бұл – қосылған құнды ел ішінде қалыптастыру, білікті жұмыс орындарын сақтау және өңірлердің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру деген сөз, – деді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.

Компаниялар тобы тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2022 жылдан бері Qazaq Bitum өнімдерін өткізу көлемінің орташа жылдық өсімі 30%-ды құрады. Кәсіпорындарда 200-ге жуық маман еңбек етеді. Олар өңдеуден бастап дайын өнімді тұтынушыға жеткізуге дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар заманауи технологиялық база мен энергия тиімділігінің жоғары деңгейі компанияға озық әлемдік тәжірибеге сай жұмыс істеуге, өндірістің тиімділігін сақтауға және жеткізілімнің сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79
chat-bgov

Кеңес ал!