«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) АҚ Басқарма төрағасы мен Басқарма төрағасының орынбасары Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитте спикер болды.
Саммит аясында ҚДБ өкілдері негізгі тақырыптық сессиялардың іскерлік бағдарламасына белсенді қатысты. Атап айтқанда, ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елибаев Орталық Азия бойынша климаттың өзгеруі жөніндегі жобалық кеңсе UN Global Compact ұйымымен бірлесіп өткізген «Климаттық тәуекелдерден бизнес мүмкіндіктеріне: Орталық Азиядағы тұрақты дамудың жаңа экономикасы» атты сессияда сөз сөйледі. Талқылау барысында климаттық тәуекелдерді бизнес пен қаржы секторы үшін жаңа өсу мүмкіндіктеріне айналдыру жолдары қаралды.
ҚДБ даму институты ретінде бұл маңызды бағытты нақты инвестициялық жобалар арқылы іске асырып келеді.
– ҚДБ үшін жобалардың экологиялық сипаты – Банктің ішкі ұстанымының бір бөлігі. Өйткені біз Үкімет, мемлекет және қоғам алдында жауаптымыз. Сондықтан Банк әр жобаны экология, әлеуметтік жауапкершілік және дұрыс корпоративтік басқару тұрғысынан қарайды. Банкир ретінде біз жақсы түсінеміз: егер жоба осы талаптардың бәріне сай болса, оның экологиялық, әлеуметтік, тиісінше инвестициялық тәуекелі де төмен болады, – деді Марат Елібаев.
Жасыл климат қоры ұйымдастырған дөңгелек үстелде климаттық қаржыландыру саласындағы инвестициялық мүмкіндіктер, «жасыл» капиталға қолжетімділікті кеңейту және өңір елдеріндегі тұрақты жобаларға инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Бұл жиында ҚДБ Басқарма төрағасының орынбасары Владимир Ли спикер болды.
Ол өз сөзінде «жасыл» және тұрақты жобалар сәтті іске асуы үшін олардың институционалдық дайындығы жоғары, инвестициялық тартымдылығы айқын болуы қажет екенін атап өтті.
– Тағы бір кедергі – валюталық тәуекел. Бұл мәселе жаңартылатын энергетика жобаларында белгілі бір деңгейде азайғанымен, өзге «жасыл» жобалар үшін әлі де өзекті. Компаниялардың табысы негізінен ұлттық валютада қалыптасады, ал қаржыландыру халықаралық көздерден шетел валютасында тартылады. Осы тәуекелді жұмсарту үшін валюталық тәуекелдерді хеджирлеу құралдарымен қатар, мұндай жобаларда аралас қаржыландыру тетігін қолдануға болады деп санаймыз, – деді Владимир Ли.
ҚДБ басқарушы директоры Дина Жанаділ «Орталық Азиядағы тұрақты қаржыландыру» атты сессияға қатысты. Өз сөзінде спикер Банктің тұрақты даму саласындағы негізгі жетістіктерін таныстырып, ҚДБ-ның ESG рейтингі 68 балмен «2» деңгейіне дейін көтерілгенін атап өтті.
Таныстырылымда Банктің көміртексіздендіру күн тәртібін іске асырудағы стратегиялық рөлі көрсетілді. «Жасыл» қаржыландырудың нақты нәтижелеріне ерекше назар аударылды: халықаралық нарықтарда Орталық Азиядағы алғашқы тұрақты облигацияларды орналастырудан бастап, өнеркәсіпті газдандыру, ЖЭО-ларды жаңғырту және экологиялық таза көлікті дамытуға дейінгі ірі жобалар қамтылды.
ҚДБ-ның инвестициялау көкжиегі 10–15 жылды құрайтыны атап өтілді. Сондықтан кредиттік комитетте шешім қабылдау кезінде бүгінгі көрсеткіштермен қатар, климаттық тәуекелдер мен Еуропалық одақтың көміртегі шекарасын реттеу тетігі – CBAM талаптары да ескеріледі. Сессия қорытындысында қатысушылар тұрақты даму мәселелерін халықаралық ұйымдар, қаржы секторы, бизнес пен мемлекет үйлесімді әрекет еткенде ғана кешенді шешуге болады деген ортақ пікірге келді.