Ташкентке жұмыс сапары аясында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) мен «Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Өзбекстанның төрт банкімен – Tenge Bank, «Узпромстройбанк» АКБ, OrientFinans Bank және «Капиталбанк» АКБ-мен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.
Аймақтағы экономикалық ықпалдастықты нығайту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған сапар барысында тараптар сауда-экономикалық байланысты дамытып, қазақстандық өнім экспортын қаржыландыру және сақтандыру құралдары арқылы қолдауға уағдаласты. Тетіктер қатарында банкаралық қарыздар, аккредитивтер, кепілдіктер және экспорт операцияларын сақтандыру бар.
Келісімдер бірлескен инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды қолдауға, тәуекелдерді азайтуға және өзбекстандық серіктестер үшін қаржыландыру шарттарын жеңілдетуге бағытталған.
– Өзбекстан өңірдегі Қазақстанның стратегиялық сауда серіктесі болып қала береді. Өзбекстанның жетекші банктерімен қол қойылған келісімдер өзара ықпалдасқан қаржы тетігін қалыптастырады. Бұл біздің бизнеске – ірі құрылыс компанияларынан бастап күнделікті тұтыну тауарларын өндірушілерге дейін – өзбек нарығына дайын қаржылық шешімдермен шығуға жол ашады, – деді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Кездесулер барысында BI Group пен RG Brands компанияларының өңірлік өкілдіктерімен жеткізілімді оңтайландыру және нарықтағы қатысуды кеңейтуге қатысты нақты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ өндіріс орындары мен ҚДБ мен Экспорттық-кредиттік агенттік қатысуы мүмкін жобалар таныстырылды. Бұл әріптестік қазақстандық компанияларға қолжетімді қаржыға сүйене отырып, Өзбекстандағы жобаларын сенімді түрде кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Агенттіктің қатысуы мәмілелерге сақтандыру қорғанысын береді. Бұл ҚДБ мен өзбек банктері үшін тәуекелдерді барынша азайтады.
Сондай-ақ Банктің Агенттіктің сақтандыру жамылғысы аясында тікелей қаржыландыру мүмкіндігі де талқыланды. Агенттік өкілдерінің айтуынша, мұндай тәсіл даму институттары біртұтас қаржылық жүйе ретінде әрекет ететін кешенді мемлекеттік қолдау үлгісін қалыптастырады. Соның нәтижесінде тәуекел азайып, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қаржының қолжетімділігі арта түседі.
Экспорттық-кредиттік агенттікте отандық өндірушілердің сыртқы нарықтағы ұстанымын күшейтетін негізгі факторлардың бірі ретінде ҚДБ-мен стратегиялық ықпалдастық аталды.
««Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің бірыңғай қаржылық жүйесі аясында әрекет ете отырып, даму институттары экспорттаушыларға кешенді қолдау көрсетеді: инвестициялық кезеңде сақтандыру мен кепілдік базаны нығайтудан бастап, операциялық кезеңде саудалық және экспорт алдындағы қаржыландыру құралдарын іске асыруға, сондай-ақ экспорттық келісімшарттарды сақтандыруға дейінгі барлық бағытты қамтиды», – деп атап өтті агенттік.
Екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сауда операцияларының қарапайым үлгісінен ҚДБ мен Экспорттық-кредиттік агенттік арқылы жүзеге асатын күрделі жобалық қаржыландыруға көшу Қазақстанның шикізаттық емес экспортының үлесін арттыруға ғана емес, Өзбекстандағы біздің өнімді түпкілікті сатып алушылар үшін қарыз қаражатының құнын төмендетуге де жол ашады. Бұл ретте Қазақстанның Орталық Азиядағы басты қаржы хабы ретіндегі орны нығая түседі.