• kz

ҚДБ қолдауымен және «Даму» қорының кепілдігімен Астанада астықты терең өңдейтін ірі кешен салынып жатыр

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) мен «Kazak Protein» ЖШС несие желісін ашу туралы келісімге қол қойды.

Астанада дәнді және бұршақты дақылдарды терең өңдейтін біріктірілген агроөнеркәсіп кешенін салу жобасы Қазақстан Үкіметі бекіткен 17 серпінді бастаманың қатарына енген. Бұл жоба қосылған құны жоғары өнім өндіруді ұлғайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және елдің орнықты экспорттық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған.

Жобаның жалпы құны 175,7 млрд теңге. Қаржыландыру жоба бастамашысының өз қаражаты мен ҚДБ несиесі есебінен жүзеге асырылады. Жобаға қосымша қолдауды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдігі қамтамасыз етіп отыр. Банктің қаражаты өндірістік жабдықтарды сатып алуға және оларды орнатуға жұмсалады.

Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде жылына 250 мың тоннаға дейін бидай және 80 мың тонна бұршақ өңдей алады. Соның нәтижесінде жоғары технологиялы тағамдық ингредиенттер мен терең өңделген өнім шығарылады.

Кешен өнімі ішкі нарыққа да, сыртқы нарыққа да бағытталады. Ал экспорттан түсетін жыл сайынғы табыс 100 млрд теңгеден асады деп күтіліп отыр. Бұл Қазақстанның өңделген агроөнеркәсіп өнімдерін халықаралық нарыққа шығарудағы мүмкіндігін едәуір күшейтпек.

Жоба іске асқанда негізгі өнім түрлері бойынша импортты барынша алмастыруға жол ашылады. Атап айтқанда, лизин, түрлендірілген бидай крахмалы, бұршақ ақуызының изоляты мен бұршақ крахмалы бойынша ішкі сұранысты толық өтеуге мүмкіндік туады. Бұл сыртқы жеткізілімге тәуелділікті азайтып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайта түседі.

Жобаның маңызды әлеуметтік-экономикалық нәтижесінің бірі – шамамен 420 жаңа жұмыс орнының ашылуы. Бұл жұмыспен қамтуды қолдап, өңір экономикасының дамуына қосымша серпін береді.

Кәсіпорында заманауи технологиялық шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект пен биотехнология элементтері енгізіледі. Соның арқасында өндіріс үдерісінің тиімділігі артып, шикізат шығыны азайып, өнім сапасы халықаралық талаптарға сай тұрақты деңгейде сақталады.

Жоба ESG қағидаттарын ескере отырып жүзеге асырылады. Ресурсты ұтымды пайдалану, экологиялық жүктемені азайту және орнықты өндірістік тізбекті қалыптастыру бағытында нақты шаралар қарастырылған.

– Осындай бастамаларды қолдау – ҚДБ-ның ұлттық экономиканы әртараптандыруға бағытталған стратегиялық басымдығының айқын көрінісі. Біз экспорт құрылымын түбегейлі өзгертетін, ауқымды қаржыны қажет ететін жобаларға басымдық береміз. «Kazak Protein» ЖШС өндірісі – жоғары технологияға негізделген маңызды жоба. Ол өңір экономикасына ұзақ мерзімді серпін беріп, Орталық Азиядағы терең өңдеу саласында жаңа өлшем қалыптастырады. Сонымен бірге экспорт көкжиегін кеңейтіп, АҚШ нарығына шығуға жол ашады, – деді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.

Жаңа кешен логистика, жем өндірісі және тамақ өнеркәсібі секілді сабақтас салалардың өркендеуіне де ықпал етеді. Сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін тұрақты сұраныс қалыптастырады.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79
chat-bgov

Кеңес ал!