• kz

ҚДБ-да жаңа Конституция жобасы бойынша референдум мәселесі талқыланды

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында ұжымның кеңейтілген жиыны өтті. Жиында жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары түсіндіріліп, алдағы жалпыхалықтық дауыс беруге қатысты өзекті мәселелер сөз болды.

Кездесу барысында Банктің басшылығы мен қызметкерлері конституциялық өзгерістердің экономикалық тұрақтылыққа, даму институттарының жұмысына және елдегі ұзақмерзімді инвестициялық ахуалға ықпалын талқылады.

Әріптестер алдында сөйлеген ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев стратегиялық инвестициялық жобалармен жұмыс істейтін қаржы институты үшін Негізгі заңды жаңарту айрықша маңызды кезең екенін атап өтті.

ҚДБ экономикалық жаңғырудың алдыңғы легінде келеді. Біздің ұстанымымыз айқын құқықтық нақтылық болмай, инвестицияға сенім орнықпайды. Өйткені 15–20 жылға жоспарланатын ауқымды жобалар тұрақты институттарға, меншік құқығының берік қорғалуына сүйенеді. Ал Мемлекет басшысы айқындаған экономиканы жаңарту ең алдымен құқықтық орта мен басқару қағидаларын заман талабына сай жетілдіруден басталады. Жаңа Конституцияны ел дамуының жаңарған құқықтық негізі деуге болады. Ол басқарудағы тепе-теңдікті күшейтіп, биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Мұның өзі банк секторының тұрақтылығына да, халықаралық әріптестердің сеніміне де тікелей әсер етеді, – деді Марат Елібаев.

Кездесу барысында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі – проректор, PhD, саясаттанушы Индира Рыстина сөз сөйледі. Ол конституциялық реформаны дайындау барысы және Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын әзірлеу үдерісі туралы жан-жақты баяндады. Сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін күшейтуге және мемлекеттің институционалдық құрылымын жетілдіруге бағытталған жаңа Конституция жобасының негізгі тұстарын тарқатып айтты.

Одан кейін ҚДБ Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Қарлығаш Ахметжанова қолданыстағы Конституцияға енгізілетін басты жаңашылдықтармен жан-жақты таныстырды.

Кездесу қорытындысында қатысушылар жаңа Конституцияның адам әлеуетін дамыту мен технологиялық жаңғыруға басымдық беруі ашық әрі болжамды іскерлік орта қалыптастыруға қалай ықпал ететіні жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ 15 наурыздағы дауыс берудің маңызы және ел дамуына әр азаматтың белсенді азаматтық ұстанымы қажет екені атап өтілді.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79
chat-bgov

Кеңес ал!