• kz

ҚДБ CFO SUMMIT XIII алаңында стратегиялық жобаларды қаржыландырудың тың тетіктерін таныстырды

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) Басқарма төрағасы Марат Елібаев XIII CFO Summit Kazakhstan саммитіне қатысты.

CFO Summit дәстүрлі түрде қаржы институттарының жетекшілерін, реттеуші органдардың және корпоративтік сектордың өкілдерін бір алаңға жинап, экономика мен қаржы нарығындағы негізгі үрдістерді талқылауға мүмкіндік береді.

Марат Елібаев сөзін «Бәйтерек» холдингі қызметіндегі стратегиялық өзгерістерден бастады. Атап айтқанда, Холдинг инвестиция тарту мен оны сүйемелдеудің бірыңғай экожүйесін қалыптастыратын ұлттық инвестициялық холдинг үлгісіне көшіп жатыр. Бұл жүйе «Бәйтерек» еншілес ұйымдарының құралдарын, банктік қаржыландыруды, мемлекеттік қолдау тетіктерін және халықаралық әріптестердің мүмкіндіктерін бір арнаға тоғыстырады.

Оның айтуынша, мұндай тәсіл шешім қабылдау үдерісін түсінікті әрі ашық етіп, даму институттары мен қаржы секторы арасындағы үйлестіруді күшейтеді. Инвестициялық холдинг ретіндегі «Бәйтеректің» басты міндеті – жыл сайын ел ауқымындағы 15–20 жүйеқұраушы инвестициялық жобаның қаржылық құрылымын әзірлеу.

Бүгінде қаржы институттарының рөлі айтарлықтай өзгерді. Бізден тек қаржыға қолжетімділікті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар орнықты экономикалық өсімді қалыптастыруға белсене атсалысып, ел экономикасына инвестиция тартуға ықпал ету де күтіледі, – деді Марат Елібаев.

Сөз барысында ҚДБ-ның орны да кеңінен айтылды. Басқарма төрағасының мәлімдеуінше, Банк тұрақты көрсеткіш сақтап, 7,7 трлн теңгеден астам активті басқарады және өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, энергетика, логистика, химия өнеркәсібі, машина жасау және агроөнеркәсіп кешені сияқты салалардағы стратегиялық маңызы бар жобаларды ұзақмерзімді қаржыландырумен қамтамасыз етіп келеді. Сонымен бірге ҚДБ халықаралық капитал нарықтарына тұрақты түрде шығып отыр: тартылған қаражат көлемі шамамен 9,9 млрд АҚШ долларын құрайды, оның 79%-ы нарық талаптарымен алынған.

Баяндаманың бөлек бөлігі екінші деңгейлі банктермен ықпалдастыққа арналды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы, «Бәйтерек» холдингі және екінші деңгейлі банктер арасында бірлескен іс-қимыл жоспары пысықталып жатыр.

Жоспардың мақсаты – өзара жұмыстың орнықты әрі келісілген үлгісін қалыптастыру. Онда банктердегі бос өтімділікті экономика айналымына тарту, кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін кеңейту және мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру көзделген.

Сөз соңында Марат Елібаев «Бәйтерек» трансформациясы жеке және шетел капиталының келуіне жол ашатын орнықты инвестициялық орта қалыптастыруға, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуға әрі елдің экспорттық әлеуетін нығайтуға қызмет ететінін айтты. Сондай-ақ мемлекет, қаржы институттары және бизнес күш біріктірсе, Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық өсімі мен инвестициялық тартымдылығын күшейтуге толық мүмкіндік бар екенін жеткізді.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79
chat-bgov

Кеңес ал!