«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) мен «Qarmet» АҚ заманауи кокс батареялары кешенін салу жобасы бойынша несиелік желі ашу туралы келісімге қол қойды.
«Qarmet» АҚ – Қазақстандағы толық өндірістік циклді ең ірі тау-кен металлургия кәсіпорны: кен мен көмір өндіруден бастап, дайын прокат шығаруға дейінгі бүкіл тізбекті қамтиды. Өңір экономикасының тірегіне айналған компания 35 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып, Қарағанды облысындағы ең ірі жұмыс беруші саналады. Комбинат жұмысы машина жасау мен құрылысқа дейінгі ілеспе салаларға тікелей әсер етіп, елдің шикізаттық емес экспортының елеулі бөлігін қалыптастырады.
Жаңа кокс батареяларын салу – ұлттық экономиканың «болат қаңқасы» саналатын кәсіпорынды жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламаның маңызды бағыты. Жылдық қуаты 1,5 млн тонна кокс өндіруге есептелген жоба тозығы жеткен агрегаттардың орнына екі жаңа батарея тұрғызуды көздейді.
Бұл тек өндіріс қуатын ұлғайту ғана емес, дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және комбинаттың шикізаттық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған шешім. Өйткені кокс батареялары – металлургиялық циклдің өзегі: мұнда домна пештерінде шойын қорытуға қажетті отын әрі тотықсыздандырғыш әзірленеді.
«Qarmet» АҚ мәліметінше, жобаны іске асыру 2029 жылдан бастап кокс өндірудің нысаналы деңгейін жылына 2,5 млн тоннаны сақтауға мүмкіндік береді. Бұл болат қорыту өндірісін қамтамасыз ету үшін шойын өндіру көлемін тұрақтандыруға бағытталған.
Жобаның құны – 435 млн АҚШ доллары. ҚДБ қаржыландыруы – 337 млн АҚШ долларына дейін. Қарыз 13 жыл мерзімге қытай юанімен беріледі. Мұндай тәсіл валюталық тәуекелдерді әртараптандыруды әрі нақты секторға ұзақмерзімді инвестиция тартуды көздейді.
– ҚДБ елдегі жүйе түзуші кәсіпорынның технологиялық жаңаруына серпін беріп отыр: жаңа қуаттар 2029 жылға қарай Qarmet-тің кокс импортына тәуелділігін толық жоюына мүмкіндік береді. Бұған қоса, жобаның экологиялық мәні де айрықша: жаңа агрегаттар заманауи газтазарту жүйелерімен жабдықталады. Бұл өңірдегі ауа сапасын жақсартуға және компанияның экологиялық міндеттемелерін орындауға қажет, – деді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Сондай-ақ жобаны жобалау, жабдық жеткізу, құрылыс-монтаж және іске қосу-баптау жұмыстарын Қытайдың Acre Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation (Dalian), MCC корпорациясы атқарады. Бұл – Қытайдың ірі мемлекеттік инжинирингтік компанияларының бірі: әлемнің әр түкпірінде мыңнан астам инженерлік және консалтингтік жобаны жүзеге асырған, оның ішінде 130-дан астамы бас мердігерлік шартпен орындалған.