«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) Басқарма төрағасы Марат Елібаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында ҚДБ қолдауымен жүзеге асып жатқан бірқатар өндіріс нысандары араланды. Атап айтқанда, Банктің қаржыландыруымен іске қосылған «Састөбе» инновациялық кешені» ЖШС, «Ecoculture-Eurasia» ЖШС, сондай-ақ қаралуының әртүрлі сатысындағы «Jasyl Suyq Qazaqstan» ЖШС, «QazCoilPro» ЖШС және «Qazaq Bitum Processing» ЖШС жобаларының жай-күйі талқыланды.
Өндіріс орнына барып, жұмыс үдерісін көзбен көру – жобалардың әлеуетін нақты бағалаудың бір жолы. Мәселен, аумағы 51,88 гектар болатын «Ecoculture-Eurasia» жылыжай кешені – елдегі ең ірі агроөнеркәсіп жобаларының бірі. Кешен ҚДБ-ның 50,8 млрд теңге көлеміндегі қаржылық қолдауының арқасында салынып, жоғары технологиялы жабдықпен қамтылды. Соның нәтижесінде өңірдің климаттық ерекшелігіне бейімделген, жыл бойы өнім өндіруге мүмкіндік беретін заманауи агротехнологиялар енгізілді.
Бүгінде жылыжай кешені бір мезетте қызанақтың 12 гибридін және өзге де дақылдарды өсіруге қауқарлы. Жоба Қазақстан мен Ресей арасындағы ауыл шаруашылығы ынтымақтастығын да нығайта түседі: кәсіпорын жобалық қуатына шыққанда жылына 27 мың тонна көкөніс өндіріп, өнімді ішкі нарыққа және Ресейдің шекаралас өңірлеріне – Сібір мен Қиыр Шығысқа жөнелтуді жоспарлап отыр. Әлеуметтік маңызы бар өнімдер қатарына кіретін көкөністі, оның ішінде қызанақты отандық көлемде көбейту ішкі нарықты тұрақты қамтуға ықпал етіп, тұтыну себетіндегі баға теңгерімін сақтауға да сеп болады.
«Jasyl Suyq Qazaqstan» компаниясының сауда тоңазытқыш жабдықтарын өндіруге арналған экспорт алдындағы қаржыландыру жобасы 1 млрд теңге сомасында 2025 жылғы қазанда Банкте мақұлданған. Жоба Түркістан облысындағы «Turkistan» арнайы экономикалық аймағында жаңадан құрылатын кәсіпорында қосылған құны жоғары отандық өнімді экспортқа шығаруға бағытталған.
– Есептегі сандар өндірістегі нақты ахуалды алмастыра алмайды. Біз үшін инвестицияның «өрістегі» нәтижесін көру, кәсіпорындардың тынысын сезіну, кәсіпкерлердің шынайы сұранысын түсіну маңызды. Осындай ықпалдастық өңір мен ел экономикасын дамытуда толыққанды әріптес болуға жол ашады, – деді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Түркістан облысындағы тағы бір ірі бастама – мақта-тоқыма кластері. Жобаны жүзеге асыруға Қытайдың мақта саласындағы жетекші компанияларының бірі – Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd қатысады.
Компания мақтаны кешенді өңдеуге және өндірістің толық циклін басқаруға маманданған: тұқым селекциясынан бастап тоқыма өнімін шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Сондай-ақ Шыңжаң өңірінде өндіріс көлемі мен өнім сапасы бойынша алдыңғы қатарда, жаңа технологияларды енгізіп, халықаралық әріптестікті кеңейтуге басымдық береді.
Түркістандағы жоба 50 мың гектарлық шикізат базасын қалыптастыруды, сондай-ақ мақтаны өңдеу, жіп иіру және дайын өнім өндірудің толық циклін құруды көздейді. Жобаның құны – 200 млрд теңгеден астам.
Жоспарға сәйкес, 2024–2027 жылдары су үнемдеу технологияларын қолдана отырып 60 мың гектар аумақта мақта өсіру, төрт мақта өңдеу зауытын, тамшылатып суару жүйесін өндіретін бір зауытты және төрт тоқыма фабрикасын салу қарастырылған. Жобалар іске асқанда 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Банктің қарауында тұрған тағы бір жоба – «Qazaq Bitum Processing» компаниясына экспорт алдындағы қаржыландыру беру мәселесі. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққанда жылына 370 мың тонна битум өндіруді жоспарлайды. Компанияға 5 млрд теңгеге дейін қаржы қажет: ҚДБ қаражаты дайын өнім экспортын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Балтық елдеріне жолға қоюға мүмкіндік береді.
– Өңірдің өндірістік қуаты шынымен-ақ қуантады. Бұрыннан сенімді серіктеске айналған кәсіпорындарға да, жаңа өндіріс алаңдарына да барған сайын өсімнің әлеуеті айрықша екенін анық байқаймыз. Ендігі міндет – кәсіпкерлікке қолжетімді әрі тиімді қаржы тетіктерін ұсынып, жобалардың ауқымын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және облыс экономикасын бекемдеуге ықпал ету, – деді ҚДБ Басқарма төрағасы.
Сапар барысында Марат Елібаев жобалардың дайындық және құрылыс кезеңдерімен танысып, кәсіпорын басшыларымен қаржыландыруды уақтылы қамтамасыз ету, әрі қарайғы әріптестік бастамаларын және Банктің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.