• kz

ҚДБ мен Австрия компанияларының өзара іс-қимыл мүмкіндіктері талқыланды

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) алаңында Австрия Республикасының делегациясымен кездесу өтіп, экспорттық қаржыландыру және инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылды.

Іскерлік делегацияға Австрия Республикасының Ұлттық кеңесі Президентінің орынбасары Петер Хаубнер жетекшілік етті. Өкілдер құрамында Австрияның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андреа Бахер, сондай-ақ Австрияның жетекші қаржы институттары – Österreichische Kontrollbank (OeKB) және Erste Group Bank, өнеркәсіптік және технологиялық компаниялардың өкілдері болды. Олардың қатарында Othis Technology GmbH, Primetals Technologies Austria және Австрияның теміржол өнеркәсібі одағының жетекшілері бар.

Кездесуде өңдеу өнеркәсібіндегі жоғары әлеуметтік-экономикалық тиімділігі бар жобаларды қаржыландыру жөніндегі серіктестікті кеңейту жолдары талқыланды. Импортты алмастыруға және экспортты ұлғайтуға әлеуеті бар бастамаларға басымдық берілді. Сонымен бірге австриялық тауарлар мен қызметтердің Қазақстанға экспортын қолдау тетіктерін жетілдіру, жаңа жобаларды қаржыландырудың бірлескен құралдарын қалыптастыру мәселелері қарастырылды. Тараптар үшін стратегиялық маңызы бар бағыт – орта дәліз аясындағы ықпалдастық мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды.

ҚДБ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Әбішева Австрия қаржы институттарымен әріптестіктің стратегиялық маңызын атап өтті.

– Біз бүгінгі кездесуді диалогты кеңейтуге, көзқарастарды үйлестіруге және практикалық өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды алаң деп санаймыз. ҚДБ Австриядан қаржыландыру тарту, австриялық институттардың Банкпен бірлескен синдикатталған мәмілелерге қатысуы сияқты жаңа мүмкіндіктерін жоғары бағалайды, – деді Ботагөз Әбішева.

Кездесу барысында ҚДБ-ның халықаралық қарыз капитал нарықтарындағы қызметін кеңейту мәселесі де талқыланды. Соңғы жылдары Банк Вена қор биржасында өз позициясын нығайтып келеді. 2022 жылдан бері ҚДБ жалпы сомасы 2,3 млрд АҚШ доллары және 420 млрд теңге болатын тоғыз рет еврооблигация орналастырды. Оның ішінде өңірдегі алғашқы «жасыл» облигациялар да бар. Бұл Банктің қаржылық тұрақтылығын және танымалдылығын арттырады.

ҚДБ мен Австрияның экспорттық кредит агенттігі OeKB арасында 250 млн еуроға дейінгі экспорттық қаржыландыру туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум қолданыста. Бұл құрал қазақстандық кәсіпорындардың австриялық технологиялар мен жабдықтарға қол жеткізуін кеңейтуге бағытталған.

– Біз австриялық өнеркәсіп кәсіпорындарының үлесін жоғары бағалаймыз. «Austrian Shopping Line» бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты кеңейту екі ел кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, – деп атап өтті Ботагөз Әбішева.

«Бәйтерек» холдингінің 2024–2033 жылдарға арналған жаңартылған ұзақмерзімді стратегиясы аясында ҚДБ Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ірі экспорттық жобаларды қаржыландыруда негізгі рөл атқарады. Осыған орай, еуропалық әріптестермен байланыстарды нығайту, Global Gateway сияқты бастамаларға қатысу халықаралық капиталға, технологияларға және сарапшылық мүмкіндіктерге кең жол ашады. Мұндай ынтымақтастық стратегиялық жобаларды қарқындатуға және Банктің халықаралық нарықтардағы беделін күшейтуге ықпал етеді.

Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Австрия арасындағы экономикалық әріптестікті тереңдетуге және өзара тиімді жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79
chat-bgov

Кеңес ал!