«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) мен China Export & Credit Insurance Corporation (Sinosure) өкілдері жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар көпжылдық әріптестіктің табысты дамып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстандағы жаңа инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Sinosure сақтандыру құралдарын кеңінен пайдалануға ниетті екендерін білдірді.
ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев өз сөзінде ҚДБ мен Sinosure арасындағы серіктестік 2015 жылы 400 млн АҚШ долларына арналған Негіздемелік келісімге қол қоюдан бастау алғанын және бұл ынтымақтастық ауқымды жобаларды жүзеге асырудың берік іргетасын қалағанын атап өтті.
Серіктестіктің басты элементі – ҚДБ қаржыландыратын жобалар бойынша саяси және қаржылық тәуекелдерді сақтандыруды Sinosure тарапынан қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде Банктің ұзақ мерзімді қаржы ресурстарын тартуына мүмкіндік беріп келеді.
Табысты әріптестіктің жарқын мысалы ретінде 2017 жылы Sinosure сақтандыру кепілдігімен 225 млн АҚШ доллары көлемінде қаржыландырылған Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру жобасы аталды.
Сондай-ақ 2025 жылы Маңғыстау облысының Қарақия ауданында жүзеге асырылған «Sarkylmas Kuat» ЖШС жел электр станциясын салу жобасы да маңызды жетістіктердің бірі ретінде көрсетілді. Аталған жоба аясында Қазақстанда алғаш рет инновациялық тетік қолданылып, қазақстандық қаржы институты берген несие бойынша қарыз алушының міндеттемелерін жабуға арналған сақтандыру полисі Sinosure тарапынан шығарылды. Жобаның жалпы құны – 122,8 млн қытай юані.
– Бұл – халықаралық сақтандыру құралдарын пайдалана отырып, жергілікті қаржыландырудың жаңа мүмкіндіктерін ашқан маңызды тәжірибе, – деді Марат Елібаев.
2023 жылдың мамыр айында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум тараптардың ынтымақтастықты тереңдетуге және жаңа бірлескен жобаларды әзірлеуге деген ниетін бекіте түсті. Қазіргі таңда тараптар кокс пештерін салу жобасы бойынша Sinosure компаниясының сақтандыру қамтылымын ұсыну мәселесін талқылап жатыр. Сонымен қатар, ҚДБ портфелінде корпорацияның қатысуымен жүзеге асырылуы мүмкін өзге де келешегі зор бастамалар қарастырылуда.
Sinosure компаниясының Бизнес қарау комитетінің басшысы Чжан Хуэй мырза ҚДБ мен Sinosure қаржы институттары ретінде екі елдің экономикалық дамуына жәрдемдесіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Ол ҚДБ мен Sinosure арасындағы прагматикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажет екенін айта келе, қайта қаржыландыру, үшжақты серіктестік, тікелей несиелеу және юаньмен қаржыландыру үлгілерінде іске асқан жобалар банк пен сақтандыру компаниясының табысты әріптестігінің айқын көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ ынтымақтастықтың басты қозғаушы күші үздіксіз жаңашылдық екенін тілге тиек етті.
– Біздің серіктестігіміздің өткен жылдардағы нәтижелеріне көз жүгіртсек, олардың барлығы да инновациялық сипатқа ие болды. Алдағы уақытта да осы игі дәстүр жалғасын тауып, жаңашыл үлгілер Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуіне серпін береді деп сенеміз. Инновациялар ынтымақтастықты дамытсын, ал оның нәтижесі өз кезегінде жаңа инновацияларға жол ашсын, – деді Чжан Хуэй.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобалар туралы ақпарат алмасуға және сақтандыру мен қаржыландыру саласында инновациялық тәсілдерді бірлесіп енгізуге уағдаласты. Сондай-ақ екі институт арасындағы серіктестік тиімді әрі өзара пайдалы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып қала беретіні, оның Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық мүдделерін, өнеркәсіп, инфрақұрылым және «жасыл» технологиялар саласындағы дамуын қолдауға бағытталғаны атап өтілді.