«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) Орталық Азиядағы «жасыл» қаржыландыру стандарттарын жаңа деңгейге көтеріп, Green Investment Principles for the Belt and Road (GIP) бастамасы аясында өткен пленарлық отырыста «Best Green Transaction» беделді халықаралық марапатына ие болды.
GIP бастамасының «Best Green Transaction» аталымы бойынша ҚДБ-ны жеңімпаз деп тануы Банктің өңірдегі жетекші рөлін айқындап қана қоймай, Қазақстан экономикасына экологиялық тұрғыдан жауапты инвестицияларды тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Аталған марапат – Банктің тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетудегі жүйелі жұмысының және халықаралық ынтымақтастық аясындағы белсенді қызметінің нақты нәтижесі
– «Best Green Transaction» марапаты – біздің ESG қағидаттарын енгізу жөніндегі стратегиялық бағытымыздың дұрыстығын нақты дәлелдейді. Бұл біз үшін жай ғана жаһандық үрдіс емес, Қазақстан экономикасының орнықты дамуына арналған нақты құрал, – деп атап өтті Басқарма төрағасы Марат Елібаев.
ҚДБ-ның мұндай жоғары деңгейдегі мойындалуы Банктің Орталық Азиядағы «жасыл» қаржыландыруды дамытудағы басты рөлін айқындайды және оны тұрақты даму саласындағы сенімді халықаралық серіктес ретінде нығайта түседі.
Іс-шарада жетекші қаржы институттары мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының шеңберінде тұрақты даму мен «жасыл» инвестициялар қағидаттарын ілгерілетіп жүрген ұйымдар да осы жетістікті ерекше атап өтті.
Бүгінгі таңда GIP құрамына 17 елден 48 жаһандық қаржы институты кіреді. Бұл қауымдастық экологиялық жауапкершілікке негізделген инвестицияларды қолдауға бағытталған халықаралық алаң болып саналады.
Қазақстанның Даму Банкі 2024 жылы Green Investment Principles бастамасына қол қоюшылардың қатарына қосылып, тұрақты даму қағидаттарына адалдығын растады.
Банк бастамаға қосылған сәттен бастап жыл сайын өз прогресі туралы есеп ұсынып келеді. Сондай-ақ GIP Casebook халықаралық басылымына енгізілетін нақты жобалар арқылы ESG қағидаттарын іске асырудың табысты үлгілерін көрсетіп жүр.
«Best Green Transaction» марапаты ҚДБ үшін алдағы кезеңдегі жұмысына жаңа серпін бермек. Банк бұдан былай да «жасыл» жобалар портфелін кеңейтіп, Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына жетуіне және жаһандық «жасыл» қаржы нарығындағы беделін нығайтуға ниетті.