«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) Басқарушы директоры Зауреш Шалабаева «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба: Қазақстандық кәсіпкерлік үшін мүмкіндіктер» атты конференция аясындағы панельдік сессияда баяндама жасады.
Өз сөзінде Зауреш Шалабаева ауқымды Ұлттық жобаны жүзеге асыруға ықпал ететін маңызды қаржы институттарының бірі ретінде ҚДБ-ның негізгі рөліне тоқталды. Ол қаржылық оператор функциялары «Бәйтерек» ҰБХ-ға» жүктелгенін, ал ҚДБ табиғи монополиялардың жеке субъектілеріне тікелей қаржыландыру ұсынатын институт ретінде әрекет ететінін атап өтті.
Басқарушы директор Банк ұсынатын қаржыландыру шарттары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, табиғи монополия субъектілері үшін несиенің ең төменгі сомасы – 3 млрд теңге, мерзімі – 20 жылға дейін, ал сыйақы мөлшерлемесі нарықтық жағдайда белгіленеді. Оның ішінде 10%-ы тариф есебінен жабылады, қалған бөлігі субсидияланады.
Баяндамада ерекше назар өтінімдерді цифрлық түрде қабылдау процесіне аударылды: индикативтік талдаудан бастап түпкілікті шешім қабылдауға дейінгі барлық кезең толық автоматтандырылған және «Жеке кабинет» арқылы жүзеге асырылады. Бұл ҚДБ-мен өзара іс-қимылды барынша ашық әрі тиімді етеді.
Қазіргі уақытта ҚДБ-да ЭКСЖ шеңберінде жалпы құны 141,8 млрд теңгені құрайтын 7 жоба қаралуда. Олардың болжамды несие сомасы – 126,2 млрд теңге. Бұл бастамаларды іске асыру елдегі инфрақұрылымның тозу деңгейін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сөзін қорытындылай келе, Зауреш Шалабаева табиғи монополия субъектілерін және кәсіпкерлік өкілдерін негізгі экономикалық салалардың сенімділігін арттыру және оларды жаңғырту мақсатындағы Ұлттық жобаға белсенді қатысуға шақырды.