Қазақстанның Даму Банкі мен «Upstate» ЖШС Алматы қаласында төрт жұлдызды «Radisson Turkistan» қонақ үйін салу жөніндегі инвестициялық жобаны бірлесе жүзеге асыруға кірісті. Осы мақсатта тараптар қаржыландыру туралы келісімге қол қойды.
Жобаның жалпы құны 11,93 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 7 миллиард теңге немесе 70 пайызы – ҚДБ тарапынан бөлінетін қаржы. Құрылыс жұмыстары Медеу ауданының Мақатаев көшесінде жүргізілуде. Жоспар бойынша 156 нөмірден тұратын қонақ үй толық қуатына шыққанда, жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуі халықаралық стандарттарға сай болмақ.
Инвестицияның негізгі бөлігі құрылыс-монтаж жұмыстарына және нысанды заманауи қонақүй жабдықтарымен жарақтандыруға бағытталады. Жобаның халықаралық серіктесі – әлемдік қонақүй индустриясында беделі жоғары Radisson бренді.
Құрылыс кезеңінде 500 уақытша жұмыс орны, ал қонақ үй іске қосылғаннан кейін 50 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Бұл жоба Алматы қаласының туристік әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңір экономикасына жаңа серпін беруге бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, жаңа қонақ үй мегаполистің халықаралық деңгейдегі туристік орталық ретіндегі беделін нығайта түседі.