Қазақстанның Даму Банкі Жұмысшы мамандықтар жылына орай арнайы материалдар сериясын ұсынады. Бұл бөлімде ҚДБ қолдаған зауыттардың қызметкерлерінің өмірлік оқиғалары баяндалады.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Макинск құс фабрикасы жұмысшы әйелдері басты назарда. Өнеркәсіпте әйел болу қандай екенін фабрика еңбеккерлерінің өздерінен білетін боламыз.
Әрбір үйреншікті өміріміздің бөлігі – дастарқандағы ас, сапалы тауарлар мен ыңғайлы қызмет – біреудің қажырлы еңбегінің жемісі. Көбінесе бұл еңбектің басым бөлігін нәзік жанды арулар атқарады. Бүгінде қазақстандық әйелдер экономиканың барлық салаларында еңбек етеді: өнеркәсіптен ауыл шаруашылығына дейін, ғылымнан бизнеске дейін. Әйелдердің қосқан үлесі баға жетпес, әрі уақыт өткен сайын маңызы арта бермек.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы жұмыс істейтін халықтың 48,18%-ын әйелдер құрайды. Дәстүрлі түрде «ерлерге тән» салаларда, мысалы, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте ерлердің үлесі басым болғанымен, әйелдер бұл салаларды белсенді түрде игеріп, жыл сайын гендерлік теңгерімді жақындастыруда
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әйелдердің экономикаға қосқан үлесі тек статистикадағы сандар емес, қоғамның дамуының негізгі қозғаушы күші екенін атап өту маңызды.
«Макинск құс фабрикасы» ЖШС құс өсірушісі Светлана Афонченко фабрикада жұмыс істейтін әйелдер үшін еңбек жағдайлары ерлер мен әйелдердің жұмысына бөлінбейтінін атап өтті.
«Жұмыс барысында қиындықтар жеткілікті, бірақ оның нәтижесін көргенде, әрине, қуаныш сезімі пайда болады. Кішкентай үлпілдек балапаннан үлкен құс өсіп шығып, бізді азықпен қамтамасыз ететіні қызықты», – дейді ол.

Светлана жұмыстан тыс уақытта да бос отырмайды. Ол тамақ әзірлеуді ұнатады және демалыс күндері жақындарын дәмді тағамдармен қуантуды жақсы көреді. Оның айтуынша, отбасы оны әрдайым қамқорлықпен және түсіністікпен қарсы алады.
«Мен жұмыстан келгенде, тіпті демалыс күндері де жақындарым үй шаруасының көп бөлігін өз мойындарына алуға тырысады, көмектеседі, сондықтан жұмыс пен отбасын үйлестіру жеңілдей түседі», – дейді ол.
Светлананың басты шабыттандырушылары – балалары. Ол олардың болашағы үшін ең жақсысына ұмтылады. Бұл жолда оған ата-анасы үлгі болған – олар өмір бойы ауыл шаруашылығында еңбек еткен. Сол себепті ол бала кезінен адал еңбектің мәнін түсінген.
«Әйел әрдайым өндірісте маңызды рөл атқарған. Бұрын оларды көбінесе үй шаруасымен және «әйелдерге тән» кәсіптермен байланыстыратын. Ал қазір әйелдер алға жылжып, басшылық қызметтер атқарып, маңызды шешімдер қабылдайды», – дейді Светлана.
Светлана өнеркәсіп саласында табысқа жету үшін ең бастысы – табандылық пен білімге деген ұмтылыс деп есептейді. Оның пікірінше, қиындықтан қорықпау керек, себебі бұл кәсіпорында жаңадан келгендерге әрдайым қолдау көрсетіліп, бағыт-бағдар беріледі.
«Мансап пен отбасын бірге алып жүруге болады. Ең бастысы – шын ниетпен қалау. Ал егер жаныңда қолдау көрсететін жақындарың болса, бұл тіпті оңайырақ. Кез келген әйел жұмыс пен отбасылық өмірдің арасынан тепе-теңдік таба алады, егер шынымен соны қаласа», – деп сенеді Светлана Афонченко.
Аулау операторы Бақыт Бекболатова «Макинск құс фабрикасы» ЖШС-да ең жауапты міндеттердің бірін атқарады – ол құстарды қауіпсіз әрі мұқият ұстап, оларды әрі қарай тасымалдау үшін контейнерлерге орналастырумен айналысады.
«Макинскіде Орталық Азиядағы ең үлкен құс фабрикасы орналасқан, және мен оның ауқымына қатты таң қалдым. Бірақ мені ең қатты қуантқаны – еңбектің лайықты бағалануы: жалақы басқа жерлерге қарағанда жоғары, сонымен қатар жұмыс кестесі өте ыңғайлы. Мен бұл жерге жұмысқа орналасқаныма ешқашан өкінген емеспін», – деп өз әсерімен бөлісті Бақыт Бекболатова.

Оның пікірінше, жұмыстың қиындығы көбінесе адамның өзіне байланысты. «Жаны сүйетін жұмыста адам шаршамайды» деген сөз бекер айтылмаған – ол да өз ісіне дәл осылай қарайды.
«Тіпті шаршаудың өзі мен үшін жағымды сезім. Өз ісімді жан-тәніммен жақсы көремін, сондықтан кез келген қиындық мен үшін қызықты сынақ сияқты. Әріптестеріммен де өте жақсы қарым-қатынастамын», – дейді Бақыт Бекболатова.
Жұмыстан тыс уақытта ол үй шаруасымен айналысып, жақындарына көмектеседі. Оның айтуынша, фабрикадағы жұмыс кестесі өте ыңғайлы болғандықтан, тұрмыстық істерді қызметімен оңай үйлестіруге мүмкіндік бар.
Бақыт Бекболатованың пікірінше, қазіргі кезде өнеркәсіпте әйелдерге жұмыс істеу әлдеқайда жеңілдеді. Автоматизация мен заманауи технологиялар физикалық жүктемені азайтып, жұмысты ыңғайлы етіп қана қоймай, әйелдердің өз әлеуетін толықтай ашуына жол ашты. Ол кез келген салада бастамашыл болудан, мақсатқа ұмтылудан және кәсіби даму жолында сенімді қадам жасаудан қорықпау қажет деп санайды.
«Қиын тапсырмалардан қорықпаңыз – уақыт өте келе кез келген жұмысты меңгеруге болады. Сондай-ақ, стереотиптердің мансабыңызға әсер етуіне жол бермеңіз. Өз күшіңізге сеніп, таңдауыңызға күмәнданбаңыз», – деп кеңес береді Бақыт Бекболатова.
Аулау операторы Оксана Иванова, Бақыт Бекболатова сияқты, өзін өнеркәсіп саласында тапты. Ол өзінің жұмысындағы басты қағида – қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау, мұқият болу және тек өзің үшін ғана емес, әріптестерің үшін де жауапкершілік алу деп санайды. Комбайнмен жұмыс істеу барынша зейін мен жинақылықты талап етеді, өйткені оның әрекеттері жанындағы барлық адамдардың амандығына тікелей әсер етеді.

«Фабриканың корпустарында және алаңдарында құстар өте көп, сондықтан олардың зардап шекпеуі, жарақат алмауы маңызды. Осы себепті де мен әйелдердің еңбегі бұл жерде аса қажет деп есептеймін. Әйелдер табиғатынан ұқыпты, байқағыш келеді, бұл құстардың жарақат алу қаупін азайтуға көмектеседі», – дейді Оксана Иванова.
Фабрика қызметкері жұмыста қиындықтарды байқамайтынын айтады, өйткені өз ісін сүйеді. Оның сөзінше, жұмыс күні аяқталған соң «екінші тынысы ашылады», сол кезде үй шаруасына да жеңіл кірісіп кетеді. Жақындары жұмысының оңай еместігін түсініп, барынша қолдау көрсетеді.
«Мені ұжымым шабыттандырады. Әсіресе, мені комбайнда жұмыс істеуге үйреткен тәлімгерлеріме алғысым шексіз. Алғашында қорқыныш болды – техника үлкен, күрделі. Бірақ білікті әріптестерімнің арқасында қазір еш қорықпай, сенімді жұмыс істеймін. Ұжым тату, көңілді болса, жұмыс та жеңіл және үйлесімді жүреді», – дейді Оксана Иванова.
Құс фабрикасының қызметкерінің айтуынша, жұмыста адамгершілік, адалдық, өзара түсіністік, жауапкершілік пен мейірімділік үлкен рөл атқарады. Жетістікке жету үшін табанды, еңбекқор әрі мақсатшыл болу қажет. Егер нақты мақсат қойып, оған қарай табандылықпен қадам бассаң, бәрі міндетті түрде жүзеге асады деп сенеді Оксана Иванова.
«Қыздарға айтарым – қорықпау керек. Керісінше, әрекеттену, үйрену, іздену қажет. Бастысы – өз ісіңді сүю. Егер жұмыс қуаныш сыйласа, бәрі оңай болып көрінеді, ал қиындықтар жеңуге болатын сынаққа айналады», – деп түйіндеді Оксана Иванова.
Қазақстанның Даму Банкі («Бәйтерек» холдингі құрылымына кіреді) ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін белсенді түрде қолдайды. Соның ішінде Ақмола облысындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Макинск құс фабрикасы» ЖШС-не қолдау көрсетуде.
Құс фабрикасының құрылысы 2015 жылы Бұланды ауданында басталды. Банктің қаржыландыру үлесі 29,5 млрд теңгені құрады. Кәсіпорын «Кус&Вкус» брендімен салқындатылған тауық етін өндіреді. Бүгінгі таңда фабрика 1950 жұмыс орнын ашып, құс етінің импортын алмастыру арқылы өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосуда. Кеңею нәтижесінде бұл фабрика Орталық Азиядағы ең ірі құс еті өндірушісіне айналды.
Еліміздің барша аруларын 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!