• kz

ҚДБ Жалғыз акционері Даму банкінің жұмысын реформалау бойынша бірқатар шешімдер қабылдады

Атап айтқанда, Холдинг басқармасы төраға Қанат Бисембайұлы Шарлапаевтың төрағалығымен Қазақстаннығ Даму Банкінің қызметін реттейтін негізгі құжаттардың бірі – Кредиттік саясат жөніндегі меморандумға өзгертулерді бекітті. Енгізілген өзгерістерге сәйкес қаржыландыруға өтінім беру кезінде әлеуетті өтініш беруші ҚДБ-ға, соңғы бенефициарларды қоса алғанда, заңды тұлғаның барлық иесі туралы ақпаратты ашу құқығын береді. Бұған дейін ҚДБ-да қаржыландырудың негізгі шарттары және жоба бойынша жалпы мәліметті ашу құқығы болды.

«Бұған дейін Банк құзыретінде мұндай келісім болған жоқ және бұл банктік құпия туралы заң аясында әлеуетті және Банкпен шарт жасаған клиенттер туралы мәліметтерді ашуға мүмкіндік бермеді. Бұл норманы енгізу бізге қарыз алушылармен жұмыстың кез келген кезеңінде – өтінім қарауға келіп түскен сәттен бастап мақұлдауға немесе қаржыландырудан бас тартуға дейін ашық болуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Искаков.

Бұдан басқа, Банк тарапынан қаржыландыру тыйым салынған салалар тізіміне өзгерістер енгізілді. Бұдан былай мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жобаларды жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ қаржыландыруды тікелей тарту мүмкіндігінің болуына байланысты дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей не жанама түрде Қазақстан Республикасына тиесілі заңды тұлғалар үшін қаржыландыру берілмейді. Тек өзге кредиторлардың қатысуымен, яғни халықаралық қаржы институттарын қоса қаржыландыру немесе синдикатталған қаржыландыру кезінде ғана бірыңғай ерекшелік жасалуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл жобалар экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару (ESG) қағидаттарына сәйкес келуі тиіс.

«ҚДБ жеке секторды дамытуға баса назар аударатын болады. Біз мемлекеттік компаниялармен жұмыс жасауға нысаналы түрде шектеу қойдық, өйткені олардың біздің қатысуымызсыз тікелей қаржыландыруды тарту мүмкіндігі бар», – деп түсіндірді «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Искаков.

Тағы бір маңызды өзгеріс – ендігі кезекте жекеменшік компаниялардың міндеттемелері бойынша қамтамасыз етілетін кепілзат ретінде мемлекеттік мүлік қабылданбайды, ал жобаларды іріктеу кезінде өтініш берушілерге олардың жобалары шеңберінде сатып алулар рәсімдерінің ашықтығын күшейту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсыну талабы қойылатын болады.

Сондай-ақ, Жалғыз акционер Даму Банкінің еншілес ұйымы – Өнеркәсіпті дамыту қорының Жарғысына өзгерістерді мақұлдады – бұның нәтижесінде Қордың атқаратын қызметі айтарлықтай кеңейтілді. Оның ендігі мақсаты өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарына қаржылық қолдау көрсету және оларды ынталандыру және Қазақстан Республикасы экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға жәрдемдесу болып табылады. Осылайша, Қор қазақстандық кәсіпорындарға қаржылық құралдардың бұдан да ауқымды аясын, оның ішінде тікелей кредиттеу ұсынуды бастайтын болады.

 

 

Ақпарат үшін:

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Қазақстан аумағындағы ауқымды инфрақұрылымдық және өндірістік нысандарды қаржыландыру мен дамытуға мамандардырылған ұлттық даму институты. Банк жобаларды қаржыландырудың қолайлы құрылымын - инвестициялық фазадан бастап экспорттық дайын өнімді қолдауға дейін ұсынады. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру «шегі» 7 млрд теңгеден, тамақ өнеркәсібі үшін – 3 млрд теңгеден, экспорттық операциялар үшін - 1 млрд теңгеден басталады. Ақпараттық ашықтықты күшейту мақсатында Банк ҚДБ-да әкімшілендірудегі, қаржыландырудағы және қарастырылудағы жобалар туралы жалпыға қолжетімді ақпарат қорын кеңейтті. Банк сайтында қаржыландырудың басты шарттары жөнінде және жобалар бойынша жалпылама мәліметпен танысуға болады.

 

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Қоғаммен байланыс бойынша қызметі

Телефон: 8 (7172) 79 26 08

Сайт: www.kdb.kz

E-mail: pressa@kdb.kz



АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79