Мемлекет басшысының Германияға ресми сапары аясында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) еуропалық қаржы институттарымен және өнеркәсіптік серіктестерімен бірқатар келісімге қол қойды. Құжаттар калий тыңайтқыштары мен алюминий өндірісін дамытуға, сондай-ақ жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларды іске асыруға қаржы тартуды және озық инженерлік технологияларды енгізуді көздейді.
Бірінші келісім – ҚДБ, «Qazaq Kalium LTD» жеке компаниясы және Thyssen Schachtbau GmbH мен «Шахтбау Қазақстан» ЖШС кіретін консорциум арасында жасалған 418 млн еуро көлеміндегі үшжақты келісім. Құжат шахта кешенін жобалау, жабдық жеткізу және құрылыс жұмыстарын қамтитын EPC-келісімшартын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында «Сатимола» кен орны негізінде жылына 1,5 млн тоннаға дейін калий тыңайтқышын өндіру жоспарланып отыр. ҚДБ қаржыландыруды облигациялық құрал арқылы, оның ішінде EPC-келісімшартын қаржыландыру тетігімен қамтамасыз етеді. Келісім Германия компанияларының технологиялары мен мамандандырылған инженерлік сараптамасын тартуды, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы тау-кен және химия өнеркәсібіндегі өндірістік ынтымақтастықты дамытуды көздейді.
Екінші келісім – ҚДБ мен «Қазақстан алюминийі» АҚ арасында Павлодар алюминий зауытын жаңғырту жөніндегі инвестициялық жобаны қаржыландырудың алдын ала шарттары жөнінде жасалды. ESG қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылатын жоба заманауи табақшалы сүзгілер мен тік кальцинация пештерін орнату арқылы атмосфераға шығатын шығарындыларды едәуір азайтуды, сондай-ақ жартылай өткізгіштер өндірісінде, оптоэлектроникада және медициналық диагностикада қолданылатын сирек металдарды өндіру кешенін құруды көздейді. Бұл өз кезегінде бастапқы алюминий өндірісін кеңейтуге қажетті негіз қалыптастырады. Зауыттың қуатын жылына 1,7 млн тонна алюминий тотығына дейін арттыру жоспарланған.
Үшінші келісім – ҚДБ мен Германияның мемлекеттік даму банкі KfW арасында 200 млн АҚШ долларына дейінгі кредиттік келісім. Қарыз Инвестицияларға кепілдік беретін көпжақты агенттік (MIGA) кепілдігімен тартылады және жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Бұл – ҚДБ мен KfW арасындағы алғашқы бірлескен мәміле, KfW-тің Қазақстандағы алғашқы тікелей жобасы және KfW пен MIGA арасындағы әлемдегі алғашқы бірлескен мәміле. Осы қаражат есебінен қаржыландырылатын алғашқы жоба – Жамбыл облысындағы Мирный ауылы маңында «Актас Энерджи» ЖШС жүзеге асыратын қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы мен қуаты 300 МВт және энергия сақтау сыйымдылығы 600 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесін (BESS) салу жобасы. Жел электр станциясы іске қосылғаннан кейін жыл сайын шамамен 4 ТВт·сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл шамамен 1 млн адамды электр энергиясымен қамтамасыз етуге және парниктік газдар шығарындыларын жыл сайын 3,5 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді. Жоба ESG қағидаттарына сәйкес іске асырылады.
Бұдан бөлек, сапар аясында ҚДБ мен Landesbank Hessen-Thüringen арасында 52,5 млн еуроға дейінгі негіздемелік келісім, сондай-ақ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ мен AKA Ausfuhrkredit-Gesellschaft mbH арасында 30 млн еуро көлеміндегі қарыз келісімі жасалды. Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингі мен ҚДБ өкілдері Германияның жетекші экономикалық және іскерлік қауымдастықтарының, қаржы институттары мен банктерінің басшыларымен өткен дөңгелек үстелге қатысты. Кейін «Ынтымақтастыққа жаңа серпін» атты Қазақстан–Германия бизнес-форумы өтіп, оның аясында «Көлік, ресурстар, өнеркәсіп – кооперацияның өсу нүктелері» тақырыбында пікірталас ұйымдастырылды.
Халықаралық әріптестікті кеңейту Банктің ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық бастамаларды іске асырудағы 25 жылдық тәжірибесіне негізделеді. Банк қызметі барысында 218 инвестициялық жобаны және 151 экспорттық операцияны жалпы сомасы 19 трлн теңгеге қаржыландырды. Нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде 151 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 38 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Тек 2025 жылы Банк жалпы сомасы 2,3 трлн теңгені құрайтын 77 жобаны қаржыландырды.