«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Директорлар кеңесі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 2026 жылғы 28 тамызда Кредиттік саясат туралы меморандумға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады. Оған сәйкес Банк қаржыландыру шарттарын қазіргі нарықтық жағдайларға бейімдеп, шешімдер қабылдау тиімділігін арттырады және ұлттық экономиканың ірі стратегиялық бастамаларын іске асырудағы Банктің рөлін күшейтеді.
Банктің кредиттік саясатындағы негізгі өзгеріс инвестициялық жобаларды қаржыландырудың ең төменгі шегін 7 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін ұлғайту болды. Бірлесіп қаржыландыру және синдикатталған кредиттеу құралдары үшін де осындай шектер белгіленді: енді осы тетіктер аясындағы жобалардың жалпы құны кемінде 15 млрд теңге болуы тиіс (ҚДБ-ның ең төменгі қатысуы – 7,5 млрд теңгеден бастап). Экспорттық операциялар бойынша лимит 1 млрд теңгеден 3 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
Бұл өзгерістер ұлттық инвестициялық холдинг форматына көшкен «Бәйтерек» холдингінің ауқымды трансформациясы аясында жүзеге асырылуда. Бұл стратегиялық фокустың сыртқы инвестицияларды белсенді тартуға және нарықтық тетіктерді дамытуға ауысуын көрсетеді. Сонымен қатар, өзгерістер Президент қойған коммерциялық банктердің өтімділігін экономиканың нақты секторына белсенді тарту жөніндегі міндетке тікелей сәйкес келеді.
Экономиканы әртараптандыру және құрылымдық трансформациялау жөніндегі Үкіметтің стратегиялық міндеттерін іске асыру шеңберінде ҚДБ ел үшін неғұрлым маңызды жобаларды қолдауға басымдық береді. Атап айтқанда, Банк Қазақстандағы 17 серпінді жобаның 14-ін қаржыландыруға қатысады. Олар АӨК өнімдері мен металдарды терең өңдеу, мұнай-, газ- және көмір химиясы, тыңайтқыштар өндіру, машина жасау және туризм сияқты басым салаларды қамтиды.
– Қазақстанның Даму Банкі үшін шекті мәндерді қайта қарау «Бәйтерек» холдингінің ауқымды трансформациясы аясындағы маңызды қадам болды. Біздің басты мақсатымыз – ҚДБ-ның фокусын ірі стратегиялық жобаларды іске асыруға және Банктің сараптамасы есебінен сыртқы капиталды тартуға бағыттау, сонымен қатар дәстүрлі корпоративтік кредиттеу сегментінде екінші деңгейдегі банктермен тікелей бәсекелестікті болдырмау. Бұл өзгерістер ел экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізудің қисынды кезеңі болады, – деп атап өтті «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Тарихи тұрғыдан Қазақстанның Даму Банкі ауқымды инфрақұрылым мен өнеркәсіпті қаржыландыратын тірек институт ретінде қызмет етіп келеді. Ірі инвестициялық жобалар көбіне даму институттарының қолдауын қажет етеді, өйткені олар жоғары капитал сыйымдылығымен, ұзақ өтелу мерзімімен ерекшеленеді және бір коммерциялық банктің тәуекел-тәбеті мен лимиттерінен асып түсуі мүмкін.
ҚДБ екінші деңгейдегі банктермен (ЕДБ) ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытып отырғанын растайды. Бүгінде ҚДБ портфелінде ЕДБ және халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп қаржыландыру және синдикатталған кредиттеу тетіктері бойынша жалпы инвестиция көлемі 3,3 трлн теңгені құрайтын 11 қолданыстағы жоба, сондай-ақ 9,1 трлн теңге сомасына 9 әлеуетті жоба бар.
Мұндай тәсіл капитал сыйымды жобаларды іске асыру кезінде тәуекелдерді бөлуге, шикізаттық емес секторға жеке капитал тартуға және ұлттық экономика үшін барынша жоғары мультипликативтік әсерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жұмыс аясында соңғы екі жылда ҚДБ жалпы құны 290 млрд теңгеден асатын 4 инвестициялық жобаны коммерциялық банктерге берді.
Өзгерістер Банктің еншілес ұйымы – Өнеркәсіпті дамыту қорына (ӨДҚ) да қатысты. Мандаттарды нақты ажырату шеңберінде Банк ресурстарын ірі инвестициялық жобалар мен экспорттық операцияларға шоғырландырады, ал ӨДҚ машина жасау және импортты алмастыру жобаларына басымдық береді.
Шекті мәндерді қайта қарау инфляциялық қысымды азайту және қолдауды неғұрлым ірі жобаларға бағыттау мақсатында Үкімет, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп әзірленді. Бұл ретте лимиттердің ұлғаюы мемлекеттік шығыстардың өсуіне әкелмейді: ҚДБ өзінің ресурстық портфелін негізінен ішкі және сыртқы капитал нарықтарында қалыптастырып, Қытай, АҚШ және Еуропаның қаржы институттарымен белсенді ынтымақтастық орнатуда.
Сондай-ақ биыл «Бәйтерек» холдингінің бірыңғай қолшатыр бренді аясындағы жаңа коммуникациялық стратегия шеңберінде ҚДБ-ның ребрендинг науқаны іске асырылды. Бұл ұлттық экономиканың орнықты өсуі жөніндегі қойылған міндеттерді шешудегі барлық еншілес ұйымдардың синергиясын білдіреді.
Жалпы алғанда, 25 жылдық қызметі ішінде Банк жалпы сомасы 19 трлн теңгеге 218 инвестициялық жоба мен 151 экспорттық операцияны қаржыландырды. Осы жұмыстың нәтижесінде ел бойынша 151 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 38 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Тек 2025 жылдың өзінде Банк жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеге 77 жобаны қаржыландыруды қамтамасыз етті.