«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі - ҚДБ, Банк) Қазақстан қор биржасының (KASE) 2025 жылғы бағалы қағаздар шығару белсенділігі үшін арнайы марапатына ие болды. Биржа сарапшыларының бұл бағасы ҚДБ-ның экономиканы қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтуге, сондай-ақ стратегиялық инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларға инвестиция тартуға қосқан үлесін айқын көрсетеді.
KASE жыл сайын отандық қор нарығын дамытуға елеулі үлес қосқан биржа мүшелері мен бағалы қағаздары ресми тізімге енгізілген компанияларды атап өтеді.
2025 жылы ҚДБ ішкі нарықта 5 облигациялық шығарылымды және халықаралық нарықта 5 еурооблигациялық шығарылымды табысты орналастырды. Соның нәтижесінде тартылған қаржының жиынтық көлемі баламамен 2,48 млрд АҚШ долларын құрады. Нарықтағы белсенді жұмыс Банктің инвесторлар географиясын кеңейтуіне, Қазақстандағы жобаларды қолдауға арналған ұзақ мерзімді ресурстар тартуына және қорландырудың валюталық құрылымын әртараптандыруына мүмкіндік берді.
Маңызды мәмілелердің бірі – юаньмен облигация шығару болды. ҚДБ Орталық Азияда алғаш болып 2 млрд қытай юані көлемінде еурооблигация орналастырды.
Сондай-ақ ҚДБ ұлттық валютада 300 млрд теңге көлеміндегі еурооблигацияларды орналастырып, осы бағыттағы ең ірі мәмілені жүзеге асырды. Бұл шығарылым 500 млн АҚШ доллары көлеміндегі долларлық еурооблигациялармен қатар өткізілді. Екі траншпен ұйымдастырылған мәміле инвесторлар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды.
Ішкі нарықта TONIA индикаторына байланған купондық мөлшерлемемен 55 млрд теңге көлеміндегі 10 жылдық облигациялар орналастырылды. Бұл аталған бағдарлық көрсеткіш қолданылған Банктің ең ұзақ мерзімді шығарылымы болды.
ҚДБ-ның капитал нарықтарындағы жүйелі жұмысы қорландыру құралдарын дамытуға, инвесторлар сенімін нығайтуға және Қазақстанның капитал нарығының ел экономикасын ұзақ мерзімді қаржыландырудың тиімді көзі ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған.