• kz

ҚДБ қолдаған компаниялар «Іскер» және «Парыз» наградаларына ие болды

12 желтоқсанда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын сапа» сыйлығы және «Қазақстанның үздік тауары» байқауы аясында марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында «Іскер» сыйлығының және «Парыз» байқауының жеңімпаздары да өз наградаларын алды. Олардың қатарында өнеркәсіптік және экспорттық жобаларды іске асыру үшін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қолдаған компаниялар бар.

«Іскер» сыйлығы «Алтын сапа» конкурсы мен «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесіне қатысушылар арасынан өз қызметінде табысқа жеткен, өз тауарларын үнемі жетілдіруге және оның сапасын жақсартуға ұмтылатын компанияларға беріледі.

Биылғы жылы марапатталғандардың қатарында Алматы облысының «Азия Агрофуд» АҚ және Батыс Қазақстан облысының «Конденсат» АҚ бар.

«Азия Агрофуд» компаниясы 2022 жылы Қазақстанның Даму Банкінен экспорт алдындағы қаржыландыру қолдауына ие болды. Бөлінген қаражатты кәсіпорын кейіннен өңдеу және экспортқа жіберу үшін шикізат (бидай және жүгері) сатып алуға бағыттайтын болады.

«Конденсат» компаниясы Банктің қолдауымен автомобиль отыны – К5 экологиялық класты бензин және дизель отынын өндіру жобасын іске асырды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурста Ақмола облысының «RG Gold» ЖШС және Шығыс Қазақстан облысының «Қазмырыш» ЖШС «Парыз» наградаларымен марапатталды.

«RG Gold» «Үздік ұжымдық шарт» номинациясын жеңіп алды. Компания құрамында алтын бар кенді қайта өңдеу кешенін салу үшін ҚДБ қолдауына ие болды. Жоба Қазақстанда алтын өндірісін арттыруға мүмкіндік берді.

«Қазмырыш» компаниясы «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығын алды. Банк «Қазмырыш» компаниясын кейіннен шетелдік нарықтарға экспорттау үшін мырыш, құймалардағы күміс, мыс және қорғасын шығаруға арналған шикізат пен материалдарды сатып алуды қаржыландырды.

Салтанатты рәсім аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы «ҚазАзот» компаниясын марапаттады.

«ҚазАзот» компаниясы – аммиак пен аммиак селитрасының Қазақстандағы жалғыз өндірушісі, минералды тыңайтқыштарды ішкі нарыққа және сыртқы экспортқа шығарушы.

ҚДБ ұжымы өз клиенттерін осы маңызды жеңістерімен құттықтайды және Қазақстан экономикасын дамытуға және еліміздің барлық азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған алдағы жұмыстарында табыс тілейді.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79