Қазақстанның Даму Банкінің Директорлар кеңесі 2024–2033 жылдарға арналған жаңартылған Даму стратегиясын бекітті.
Құжат экономикалық өсуді ынталандыруға және Үкіметтің ЖІӨ-ні арттыру бойынша мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған. Ол «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның жаңартылған Даму жоспарына сәйкес әзірленді. Аталған жоспарға сәйкес, Холдинг тарапынан 2025 жылы нақты экономика секторын қаржыландыруға 8 трлн теңге бөлінеді, оның ішінде ҚДБ өңдеуші өнеркәсіп пен инфрақұрылымды қаржыландыруға 2,2 трлн теңге және 1,5 трлн теңгені «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ құралдары арқылы бағыттайды.
Өңдеуші өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамыту
Банк әлеуметтік-экономикалық әсері жоғары, орта және жоғары деңгейде қайта өңделген өнім шығаратын өңдеуші өнеркәсіп жобаларын, импортты алмастыру және экспорттық әлеуетті арттыру бастамаларын қолдауды жалғастырады. Сонымен қатар, елдің тұрақты экономикалық өсуі үшін инфрақұрылым және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы жобаларға да қаржыландыруды қамтамасыз етіледі.
Жаңартылған Даму стратегиясына сәйкес, 2024–2033 жылдарға арналған қаржыландыру көлемі үш есеге жуық ұлғайып, Банк желісі бойынша 21,6 трлн теңгеге және Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 12,5 трлн теңгеге жетеді. Осылайша, 2033 жылға қарай қолдау көрсетілген кәсіпорындардың жылдық кірісі 7,4 трлн теңгеге, экспорттық кірісі 3,1 трлн теңгеге дейін өседі деп күтілуде.
Бұл мақсаттарға жету үшін Банк орта және ұзақ мерзімді кредиттеуден бастап, синдикатталған қаржыландыру, лизинг, кепілдемелер беру және банкаралық кредиттеу сияқты барлық құралдарды пайдалануды жоспарлап отыр.
Құралдарды кеңейту және жаңа тәсілдер
Жаңартылған стратегия келесі бағыттарды қамтиды:
- Холдингтің өзге еншілес ұйымдарымен үйлестіруді және өндірістік-өткізу тізбектері мен экспортқа бағытталған жобаларды қолдау үшін бірлескен құралдарды дамытуды көздейтін кластерлік қаржыландыру тәсілін енгізу;
- Қарыз алу құрылымын әртараптандыру: қаржыландыру қажеттілігі мен нарық жағдайына қарай ішкі және сыртқы нарықтарда, түрлі валюталарда қарыздық бағалы қағаздарды орналастыру тәжірибесін жалғастыру;
- экономиканы қаржыландыру үшін бірлескен немесе синдикатталған қаржыландыру және кепілдемелер беру тетіктері арқылы екінші деңгейлі банктермен сонымен қатар халықаралық қаржы институттарымен әріптестікті дамыту;
- Бизнес-процестерді жетілдіру: өтінімдерді қарау мерзімін жеделдету, процестерді цифрландыру және қарыз алушылармен өзара іс-қимылды жақсарту.
Қаржылық тұрақтылық
Банк үшін негізгі басымдықтардың бірі – қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және ресурс базасын кеңейту. 2033 жылға қарай Банк тобы қаржылық тұрақтылықтың мынадай көрсеткіштеріне қол жеткізуді жоспарлап отыр:
- активтер құрылымында кредиттік және лизингтік портфельдің үлесін 77%-ға дейін жеткізу;
- жыл сайын провизиялар деңгейін 10%-дан жоғары емес деңгейде сақтау;
- қарыз алу құрылымында мемлекеттік емес көздерден тартылған қарыз үлесін жыл сайын кемінде 65% деңгейінде қамтамасыз ету.
Бұл мақсаттарға жету үшін Банк ішкі және халықаралық капитал нарықтарында белсенді жұмыс жүргізуді, инвесторлардың сенімін арттыруды және қаржыландыру көздерін әртараптандыруды жалғастырады.
ESG қағидаттары және Банктің қызметін жетілдіру
«Тұрақты даму» атты үшінші стратегиялық бағыт аясында Банк қарыз алушылардың қызметіне ESG қағидаттарын интеграциялауға, корпоративтік басқару сапасын арттыруға және адами капиталды дамытуға баса назар аударады. Сонымен қатар, Банк өз қызметін оңтайландыру үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізуді, оның ішінде «DBK Product Space» платформасын іске қосуды және өнімдік тәсілді қолдануды жоспарлап отыр.
Стратегиялық құжаттың толық мәтінімен ҚДБ-ның ресми сайтындағы «Банк стратегиясы» бөлімінде таныса аласыз.