• kz

Алматыда ҚДБ қаржыландыруымен жеңіл автомобильдер шығаратын зауыт іске қосылды

E23A1819.jpg

Ағымдағы жылдың наурыз айында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) Hyundai жеңіл автомобильдерін шығаратын зауыт салу үшін «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС-қа (бұдан әрі – Қарыз алушы, «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны) кредиттік желі ашқан болатын. Зауыт ҚР индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынды. Зауыттың құрылысына салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 28 млрд теңгеден астам, ҚДБ 15 жыл мерзімге 12,8 млрд теңге сомасында қарыз ұсынды. Жобаны қаржыландыруға Банктің еншілес ұйымы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ та 7,4 млрд теңге көлемінде қатысады. Қажетті инвестициялардың қалған көлемін Қарыз алушы қамтамасыз еткен.

Жаңа зауыт Алматы қаласының индустриялық аймағында салынды, зауыт ауданы – 25 гектар жерде 34 мың шаршы метрді құрады. Кәсіпорынның қуаты бірінші кезеңде – жылына 30 мың автомобиль, екінші кезеңде – жылына 45 мың автомобильге дейін болмақ.

Банктің кредит қаражаты есебінен құрылыс-монтаждау жұмыстарын қаржыландыру қамтамасыз етілді, оның шеңберінде кәсіпорын аумағында автомобиль құрастыру цехі, шанақты дәнекерлеу цехі, бояу цехі, пластикалық панельдерді бояу цехі, құрамдауыш бөлшектер қоймасы, әкімшілік және қосалқы орынжайлар салынды.

E23A1924.jpg

Зауыт Оңтүстік Кореяның озық технологияларын қолдана отырып, жаңа жабдықтарда Hyundai брендінің барлық модельдік қатарындағы заманауи жеңіл автомобильдерді шығаруға қабілетті. Конвейерден Аccent, Elantra сияқты бюджеттік автомобильдер де, сондай - ақ Sonata бизнес-класс автомобильдері, Creta, Tucson, Santa Fe жол талғамайтын көліктері шығатын болады. Зауыттың жобалық қуаты бірінші кезеңде – жылына 30 мың бірлік, екінші кезеңде – жылына 45 мың бірлікке дейін. Шағын торап әдісімен құрастырылған алғашқы автомобильдер 2021 жылдың басында нарыққа шығарылады.

Қазір зауытта 350 адам жұмыс істейді. Толық жобалық қуаттылыққа шыққан кезде 700-ге жуық қазақстандық жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі.

Қазақстандық автоөнеркәсіп шикізаттық емес секторды индустриялық дамытудың 12 басым бағыттарының қатарына кіреді және дәйекті мемлекеттік қолдау объектісі болып табылады. Банктің кредит қоржынында автокөлік жасау саласында бірқатар жобалар бар, олар өз қызметін табысты жүзеге асырып, экспорттық бағытты дамытып отырған Қазақстанның ірі автоөндірушілері.

E23A1651.jpg

«Банктің автомобиль жасау жобалары саласында қажетті құзыреттері бар және біз, сатып алушыларға қолжетімді бағамен сапалы авто сатып алуға мүмкіндік беретін жаңа зауыттың әлеуетін жоғары бағалаймыз. Зауыттың өз өнімдерін ТМД елдеріне экспорттау қабілетін де атап өту қажет, бұл да еліміздің экспорттық әлеуетін дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді», - деді ҚДБ Басқарма Төрағасы Абай Сарқұлов.

Болашақта «Астана Моторс» автоқұрамдауыштар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Осылайша, компания отандық автоөнеркәсіпті дамыту бойынша жергіліктілендірудің 51% астамын қамтамасыз ету және ТМД елдеріне экспортқа шығу мақсаттарына кол жеткізбек.

~4360573.jpg

«Hyundai Trans Kazakhstan – жаңа форматтағы заманауи зауыт. «Астана Моторс» қазақстандық автомобиль нарығында 28 жыл жұмыс істеп келеді және өзінің жеңіл автомобильдерін өндіру – компания үшін басты даму кезеңі болып табылады. Біз кәсіби кадрларды қалыптастыру үшін бірегей жағдай жасадық, жаңа кәсіпорында Hyundai сапасының жоғары стандарттарын 700 білікті қазақстандық маман қамтамасыз ететін болады, ал мультипликативтік әсерді ескере отырып, бұл – қызметтің түрлі салаларындағы 1000 астам қызметкер», - деді «Астана Моторс» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов.

Н.Смағұлов мырзаның айтуынша, зауыт құрылысы кезінде оның экологиялық құрамы ескерілген. Hyundai Trans Kazakhstan зауытының жобасы әлемдік автомобиль жасаудың заманауи технологияларын, сондай-ақ экологиялық стандарттар талаптарын ескере отырып әзірленген. Hyundai зауытының құрылысын жобалаушы – «ҚазҚСҒЗИ» АҚ, құрылыстың бас мердігері – «РАМС Қазақстан» ЖШС. Кәсіпорын Оңтүстік Корея өндірісінің жаңа жабдықтарымен жабдықталған. Зауыт жабдықтарын монтаждауды Hyundai Motor Company және Youngsan (Корея) мамандары қамтамасыз еткен.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) - Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын жаңғырту және дамыту бойынша 2001 жылы құрылған ұлттық даму институты. Қызметінің негізгі бағыттары: өндірістік инфрақұрылымды және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, ел экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту және қолдау көрсету. ҚДБ үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының ірі инвестициялық операторларының бірі болып табылады. ҚДБ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-тың Қоғаммен байланыс жөніндегі қызметі: +7 (7172) 79 26 08 (www.kdb.kz, facebook.com/kdb.kz, Twitter@KDBkz)

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79