• kz

ҚДБ, шетелдік және қазақстандық банктер синдикаты Жамбыл облысында зауыт құрылысын қолдайды

25 сәуірде «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) сингапурлық ING bank, қытайлық Bank of China, қазақстандық Halyk Bank, сондай-ақ ING Bank және Bank of China қарыз қаражатын сақтандыруды қамтамасыз ететін Sinosure компаниясымен бірге Жамбыл облысында кальцийленген сода өндіретін зауыт салу жөніндегі инвестициялық жобаны қаржыландыру үшін кредитаралық келісімге қол қойды.

Келісімге қол қою Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысы аясында өтті.

«Бұл мәміле ҚДБ тарихында ағылшын құқығы бойынша шетелдік банктердің қатысуымен синдикатталған қаржыландыру құралын пайдалана отырып жасалған алғашқы мәміле. Синдикатталған қарыздар шетелдік және отандық банктер тарапынан қазақстандық бизнесті қаржыландыру көлемін ұлғайтуға ықпал етеді. ҚДБ-ның жобаға қатысу үлесін төмендетеді, бұл ресурстарды басқа отандық жобаларға қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл ретте ҚДБ-ның синдикатқа қатысушы ретінде қатысуы шетелдік кредиторларға сенімділік береді, бұл сыртқы нарықта біздің банкке деген сенімділікпен байланысты», - деп түсіндірді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.


фото.jpg


Жобаның жалпы құны шамамен 207 млрд теңгені құрайды, оның ішінде Банктің қатысуы – 12 млрд теңге. Болашақ кәсіпорын Қазақстанда кальцийленген сода өндіретін алғашқы кәсіпорын болады, оның қуаттылығы жылына 500 мың тонна өнімді құрайды. Айта кетейік, кальцийленген сода (немесе натрий карбонаты) металлургия, химия, шыны, целлюлоза-қағаз, бояу және мұнай өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Мысалы, оның көмегімен хрусталь, оптикалық және медициналық шыны, шыны блоктар, көбік шыны, керамикалық плиткалар, қорғасын, мырыш, вольфрам, стронций, хром, синтетикалық жуғыш заттар және басқа да көптеген өнімдер шығарылады.

Бұл жобаны іске асыру кальцийленген сода бойынша импортты айтарлықтай алмастыруға мүмкіндік береді, ішкі нарықтың шикізат қауіпсіздігін нығайтады және қазақстандық өндірушілерді жоғарыда көрсетілген отандық өнімдермен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар кәсіпорынның экспорттық әлеуеті бар, сондай-ақ Жамбыл облысында 255 тұрақты жұмыс орнын, ал мердігер компанияларды қосқанда 355 жұмыс орнын құруға қауқарлы.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79