• kz

ҚДБ 2024-2033 жылдарға арналған даму стратегиясын қабылдады

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) директорлар кеңесімен 2024-2033 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму стратегиясы бекітілді. Бекітілген құжатта басты назар экономиканың шикізаттық емес секторын, инфрақұрылымды және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамытуды қолдау арқылы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

«Негізгі басымдықтарды ескере отырып, дамудың үш бағыты – Банктің Қазақстан экономикасына қосқан үлесін ұлғайту, Банк активтерін басқарудың тиімділігі және тұрақты даму айқындалды. Оларды іске асыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген 2029 жылға қарай ЖІӨ көлемін екі есеге арттыру жөніндегі міндетке қол жеткізуге елеулі үлес қосатынына сенімдіміз», – деп түсіндірді ҚДБ Басұарма төрағасы Марат Елібаев.


ayapov-005-028U1503.jpg


Атап айтқанда, бірінші бағыт бойынша Банк әлеуметтік-экономикалық әсері жоғары, орта және жоғарғы қайта өңдеу өнімдерін шығаруға баса назар аудара отырып, өңдеуші өнеркәсіп жобаларын қаржыландыруға бағытталады.

Банк импортты алмастыруды қамтамасыз ететін және экспорттық әлеуеті бар жобаларға қолдау көрсетіп, сондай-ақ елдің инфрақұрылымын дамыту үшін құралдар ұсынатын болады. Бұл бағыттағы басты міндеттердің бірі – жалпы ел экономикасын дамытудағы жеке сектордың рөлін арттыруға көмектесу.

Осы міндеттерді іске асыру үшін ҚДБ инвестициялық жобалар мен экспорттық операцияларды орта және ұзақ мерзімді кредиттеуді, ағымдағы қызметті кредиттеуді, синдикатталған қаржыландыруды, лизингтік мәмілелерді қаржыландыруды, кепілдіктер беруді және банкаралық қаржыландыруды қоса алғанда, құралдардың кең спектрін пайдаланатын болады.

2033 жылдың соңына қарай ҚДБ-ның мақсаты Өнеркәсіпті дамыту қорының құралдары арқылы 3,1 трлн теңгені қоса алғанда, өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымға 9,3 трлн теңге сомасында инвестициялар бөлу болып табылады. Бұл ретте Банктің кредиттік қоржыны құрылымындағы орта және жоғарғы қайта өңдеу тауарларын шығару жобаларының үлесі 2033 жылға қарай кемінде 30%, ал инфрақұрылымдық жобалардың үлесі 35%-ды құрауға тиіс.

ҚДБ қолдауының арқасында кәсіпорындар, өз кезегінде, өздерінің қаржылық көрсеткіштерін жақсарта алады. Мәселен, Банктің мақсаттары іске асырылған жағдайда, қолдау көрсетілген кәсіпорындардың түсім көлемі 2024-2033 жылдары 5,17 трлн теңгеге дейін өсіп, экспорттық түсім көлемі 2 трлн теңгеден асуы тиіс.

Екінші бағыт ҚДБ қоржынының қаржылық тұрақтылығы мен жоғары сапасын сақтауды, сондай-ақ жобаларды кейіннен қаржыландыру үшін қорландыру базасын ұлғайтуды білдіреді. Осы бағытты іске асыру нәтижесінде Банк активтерінен кредиттік және лизингтік қоржындардың үлесі 2033 жылға қарай 77%-ды құрауы тиіс. Бұл ретте ҚДБ қаржы қаражатын тарту үшін ішкі және халықаралық капитал нарықтарында белсенді жұмыс істеуді жалғастырады.

Тұрақты дамуға қатысты үшінші бағыт 2033 жылға қарай Банктің қызметіне ESG-қағидаттарын толық енгізу арқылы іске асырылады. ҚДБ тұрақты даму саласындағы халықаралық келісімдер мен стандарттардың талаптарына толық сәйкес келуге ұмтылады және әлеуметтік жауапты ұйым ретінде өз қызметіне ESG енгізу бойынша өзінің «Жол картасын» іске асыруға кірісіп кетті.

Сондай-ақ, ҚДБ өзінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруды жалғастыруда. Мәселен, мысалы, 2023 жылы қаржыландыруға өтінімдерді қарау мерзімі 73 күннен 60 жұмыс күніне дейін қысқартылды, Банктің сайтында қаржыландырылған немесе қаралып жатқан барлық жобалардың түпкілікті бенефициарлары ашылады.

Жаңартылған Стратегия Банк сайтында жарияланды, онымен тиісті бөлімде танысуға болады.

АО «Банк Развития Казахстана»
проспект Мәңгілік Ел, здание 55 А, н.п. 15 Z05T3E2 Астана
+7 (7172) 79 26 79